ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ЖАҢА МІНДЕТТЕР АЙҚЫНДАЛДЫ
Түркістан облысында жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбындағы алқалы жиын білім саласының өзекті мәселелерін саралап, алдағы міндеттерді айқындауға арналды.
Маңызды басқосуға білім беру саласының мамандары, педагогтар, білім ұйымдарының басшылары, ата-аналар қауымдастығының өкілдері, сондай - ақ әлеуметтік әріптестік аясында Салалық кәсіподақтың облыстық төрағасы Жандос Шайдуллаұлы және қала, аудандық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Конференция аясында жаңа оқу жылына дайындық, білім сапасын арттыру, ұстаздардың кәсіби дамуы, заманауи білім беру әдістерін енгізу және білім беру инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері кеңінен қозғалды. Сонымен қатар қатысушылар инновациялық жобалардың көрмесін тамашалап, білім беру саласына енгізіліп жатқан озық бастамалармен танысты.
Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдегі білім саласының жетістіктеріне тоқталып, алдағы стратегиялық мақсаттарды атап өтті. Түркістан облысында бүгінде 550 мыңнан астам бала білім алады, ал жаңа оқу жылында 50 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттайды. Өңірдегі білім сапасы 2025-2026 оқу жылында 69 пайызды құрап, республика бойынша көш бастады.
Білім инфрақұрылымын жақсарту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2024-2025 жылдары өңірде 29 жайлы мектеп іске қосылса, облыстық бюджет есебінен тағы 13 білім ордасы салынуда. Ал 2027-2029 жылдары жобалық қуаты 16 830 оқушы орынға арналған 58 білім нысанын іске қосу жоспарланған. Бұдан бөлек, 115 мектеп реновациядан өткізілуде. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен биыл 100 ауыл мектебі 300 заманауи пән кабинетімен жабдықталуда.
Заманауи технологиялар да білім жүйесінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні орта білімге енгізу тапсырмасы аясында Түркістан облысында алдағы үш жылға арнайы қаржы қарастырылып, 145 шағын жинақты мектепті озық цифрлық жабдықтармен қамту көзделуде. Сонымен қатар ауыл мектептеріндегі білім сапасын көтеру, оқушыларға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, педагогтардың кәсіби әлеуетін арттыру мәселелері басты назарда.
Конференциясы барысында білім саласының үздіктері «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдерімен, «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталды.
Салалық кәсіподақ үшін мұндай жиындардың маңызы зор. Себебі сапалы білім мен бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиесінің негізінде әлеуметтік қорғалған, еңбегі лайықты бағаланған және кәсіби дамуына мүмкіндік берілген педагог тұрады. Осы орайда білім басқармасы мен кәсіподақ арасындағы әлеуметтік әріптестікті одан әрі нығайтып, ұстаздардың еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғау, еңбек адамының мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.
-
Фото
-