БІЛІМ БОЛАШАҚҚА БАСТАЙДЫ
Кентау қаласында жаңа оқу жылына жаңа серпін беріп, білім беру саласының алдағы даму бағыттарын айқындаған дәстүрлі Тамыз конференциясы өтті. Биылғы маңызды басқосу «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбына арналды. Конференцияда білім сапасын арттыру, ұстаз мәртебесін нығайту, заманауи білім беру талаптарына сай жаңа мүмкіндіктерді пайдалану және жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиынға қала басшылығы, білім саласының ардагерлері мен қызметкерлері, мектеп директорлары, педагогтар, ата-аналар және білім беру ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ әлеуметтік әріптестік аясында Салалық кәсіподақтың Кентау қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы М.Таукеева қатысты. Білім саласының маңызды мәселелері талқыланған басқосу жаңа оқу жылына нақты міндеттер мен айқын мақсаттарды белгілеуге мүмкіндік берді.
Конференция барысында өткен оқу жылының нәтижелері сараланып, білім сапасын көтеру, педагогтардың кәсіби біліктілігін арттыру, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамыту, қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру бағыттары сөз болды. Сонымен қатар білім беру жүйесіне жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді енгізу, педагог жұмысын жеңілдететін заманауи технологияларды пайдалану және бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
-
Фото
-