ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУДІҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде «Жаңа халықтық Конституция құндылықтары негізінде техникалық және кәсіптік білім: сапалы кадр даярлау, цифрландыру және еңбек нарығымен ықпалдастықтың стратегиялық бағыттары» тақырыбында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына арналған облыстық тамыз кеңесінің секциялық отырысы өтті.
Жиынға Ақтөбе облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтары, сондай-ақ Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Р.Серікова қатысты.
Секциялық отырыстың негізгі өзегіне техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін заман талабына сай дамыту, еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлау, білім беру үдерісіне цифрлық технологияларды тиімді енгізу және жұмыс берушілермен байланысты күшейту мәселелері арқау болды.
Жиынды Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Б.Күзембаева ашып, өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру саласының қазіргі ахуалы мен алдағы міндеттеріне тоқталды.
Бұдан кейін Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры А.Қасымова саладағы соңғы өзгерістерге, атқарылған жұмыстарға және алдағы кезеңге арналған жоспарларға кеңінен тоқталды. Сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғыртуда білім беру ұйымдары арасындағы тәжірибе алмасу мен өзара ықпалдастықтың маңызын атап өтіп, әріптестерді ортақ міндеттерді бірлесе жүзеге асыруға шақырды.
Басқосу барысында бұдан бөлек техникалық және кәсіптік білім беру сапасын жетілдіру, цифрландыру, заманауи өндіріс талаптарына сәйкес мамандар даярлау, білім алушылардың кәсіби құзыреттерін қалыптастыру және жұмыс берушілермен тиімді серіктестік орнату бағыттары бойынша баяндамалар жасалды.
Кездесу соңында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының үздіктері марапатталды.
-
Фото
-