БАЛАЛАРДЫ ҚОЛДАУ – БАСТЫ НАЗАРДА
Жаңа оқу жылының қарсаңында елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы биыл да жалғасын табуда. Әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және тұрмысы аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды қолдауға бағытталған игі бастама 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтуде.
Акцияның басты мақсаты – әрбір баланың жаңа оқу жылын алаңсыз бастап, қажетті мектеп құрал-жабдықтары мен киім-кешектермен қамтамасыз етілуіне ықпал ету, сондай-ақ қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілік пен өзара көмек мәдениетін қалыптастыру.
Осы мақсаттағы қайырымдылық шарасы Жетісу облысының Панфилов ауданында да ұйымдастырылды. 24 тамыз күні «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Панфилов аудандық филиалының төрағасы М.Тұрлыбековтің ұйымдастыруымен әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан 19 оқушыға арнайы көмек көрсетілді.
Балалардың мектепке дайындығына қажетті заттарды таңдау кезінде олардың жеке қалауы мен қажеттіліктері ескерілді. Оқушыларға күнделікті сабаққа киюге арналған мектеп формалары және қажетті құралдары толық алынды.
Панфилов аудандық кәсіподақ филиалы Жетісу облысы