ТАМЫЗ ЖИЫНЫ: АҚТӨБЕЛІК ҰСТАЗ «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҰСТАЗЫ»
Бүгін Астана қаласында жаңа оқу жылының басталуына орай дәстүрлі республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысы өтті. Биылғы жиын «Адам капиталы, білім, прогресс – халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары» тақырыбына арналды.
Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, білім беру саласының өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, жоғары оқу орындарының ректорлары, білім басқармаларының басшылары, кәсіподақ көшбасшылары, педагогтар мен сала ардагерлері қатысты.
Пленарлық отырысты ашқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесін дамытудағы негізгі басымдықтарға тоқталды.
Конференция аясында білім беру саласындағы түрлі бағыттарды қамтыған көрме алаңдары ұйымдастырылып, заманауи жобалар мен озық тәжірибелер таныстырылды.
Жиында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова биылғы оқу жылы еліміз үшін маңызды тарихи кезеңде басталатынын айтты. Оның сөзінше, күшіне енген жаңа Конституция адам капиталын дамытуға, білім мен ғылымды ілгерілетуге, инновацияны қолдауға ерекше мән береді.
Конференцияның салтанатты бөлімінде білім беру саласының үздік қызметкерлері марапатталды. Олардың арасында Ақтөбе облысының педагогтары да бар. Солардың бірі – Әйтеке би ауданы Комсомол атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінің мұғалімі Жанар Жұмахметова. Ұстазға елдің білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгісі табысталды.
Ұстаз үшін бұл марапат – жылдар бойы атқарған еңбегінің ел деңгейінде еленгенін білдіретін үлкен құрмет. Президент Жарлығымен берілген мемлекеттік марапат Жанар Жұмахметованың кәсіби жолындағы айтулы белеске айналды.
-
Фото
-