КӘСІПОДАҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ
«Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» ҚБ Талдықорған қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары: бастауыш ұйым төрағасының рөлі мен жауапкершілігі» тақырыбында семинар өтті. Семинарға қаладағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Маңызды жиынды Талдықорған қалалық кәсіподақ филиалының төрағасы Айым Ерікқызы жүргізіп, семинарға қатысушыларды таныстырып, шараның негізгі мақсат-міндеттеріне тоқталды. Жаңа оқу жылында «Ең үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» байқауы өтетінін хабарлап, қатысуға шақырды.
Семинар барысында кәсіподақ іс қағаздарын жүргізу тәртібі жан-жақты түсіндірілді. Облыстық ұйымның бас маманы Маржан Қайратқызы баяндама жасап, құжаттаманы дұрыс рәсімдеу және оның маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, ресми сайттар мен әлеуметтік желілердегі ақпараттық жұмыстың, кәсіподақ пен қоғам арасында тиімді байланыс орнатудың маңызы атап өтілді. Бұдан бөлек, облыстық кәсіподақ ұйымының атқарған жұмысы таныстырылды.
Семинар аясында «Ең үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы–2025» байқауының жеңімпазы Татьяна Субботина өз тәжірибесімен бөлісіп, кәсіподақ жұмысын тиімді ұйымдастырудың жолдарын ұсынды. Оның тәжірибесі қатысушылар үшін пайдалы әрі үлгі боларлық болды.
Қаржылық мәселелер бойынша облыстық ұйымның бас есепшісі Айгүл Арымбаева кәсіподақ қаражатын жинау мен тиісті құжаттарды рәсімдеу тәртібін түсіндіріп, нақты ұсыныстарын жеткізді.
Семинар соңында облыстық ұйымның заңгер-кеңесшісі Асет Қайырхан құқықтық мәселелер бойынша баяндама жасап, кәсіподақтың негізгі қызметі туралы түсіндіріп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Жиын барысында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіру, төрағалардың жауапкершілігін арттыру және тәжірибе алмасу мәселелері кеңінен қамтылып, қатысушыларға маңызды ақпараттар ұсынылды.
Семинар кәсіподақ ұйымдарының өзара тәжірибе алмасуына, кәсіподақ қызметінің сапасын арттыруға және кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғауға бағытталған маңызды алаң болды.
Жетісу облыстық кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-