ҰСТАЗ ЕҢБЕГІ – ШӘКІРТ ЖЕҢІСІНДЕ
Ұстаз еңбегінің шынайы бағасы – оның алған марапатынан бұрын, шәкіртінің жетістігінен көрінеді. Шәкіртінің әрбір биігін өз еңбегінің жемісіндей қабылдап, оның білімді де тәрбиелі азамат болып қалыптасуына бар күшін арнап жүрген ырғыздық ұстаздың бірі – Қоблашева Ақерке Серғалиқызы.
Ақерке Қоблашева - Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Шеңбертал ауылында дүниеге келген. Шеңбертал орта мектебін тәмамдаған соң, 2010 жылы Ә.Молдағұлова атындағы Ақтөбе гуманитарлық колледжінде білім алып, математика пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерді. Кейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде жоғары білім алып, математика мамандығы бойынша кәсіби біліктілігін шыңдады.
Еңбек жолын 2010 жылы өзі білім алған Шеңбертал орта мектебінен бастаған жас маман 2011 жылдан бері Темірастау жалпы білім беретін орта мектебінде математика пәнінен сабақ беріп келеді.
Математика – нақтылықты, жүйелілікті және табандылықты қажет ететін пән. Ақерке Қоблашева осы қасиеттерді өз бойынан ғана көрсетіп қоймай, шәкірттеріне де дарыта білетін ұстаз. Оның білім алған оқушылары аудандық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындардан көрініп, ұстазының еңбегін нәтижесімен бағалап жүр.
Ұстаздың кәсіби ізденісі де назардан тыс қалған емес. Аудандық тамыз кеңестерінде, облыстық «Шебер кластарда» өзінің озық тәжірибесімен бөлісіп келеді. Өз ісін жетілдіруге деген талпынысы мен жауапкершілігі түрлі марапаттармен де бағаланған. 2014 жылы аудандық «Жыл мұғалімі» кәсіби байқауында «Талапшыл ұстаз» номинациясын иеленсе, 2018 жылы аудандық «Жыл жетекшісі» байқауында «Өнерлі ұстаз» атанды. 2022 және 2024 жылдары аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Ал 2026 жылы аудандық «Жыл мұғалімі» кәсіби байқауында жүлделі III орынға ие болды.
Алайда, Ақерке Серғалиқызы үшін марапат – мақсат емес, еңбегінің сыртқы бағасы ғана. Оның басты ұстанымы – шәкіртінің бойына пәндік біліммен бірге адамгершілік, жауапкершілік, еңбекқорлық секілді өмірде қажет қасиеттерді қалыптастыру. Себебі, білімді болу мен жақсы адам болу қатар жүретін ұғым деп біледі.
Мектептегі жауапты ұстаз, ізденімпаз маман болумен қатар, Ақерке Серғалиқызы отбасында бес баланың аяулы анасы. Ұстаздық пен аналық міндетті ұштастыра білуі оның жинақылығы мен табандылығының тағы бір көрінісі.
Осындай ұстаз бар жерде білімге деген сенім де, шәкірттің алға ұмтылысы да бар. Еңбегінің ең үлкен жемісі – шәкіртінің жетістігі деп білетін Ақерке Қоблашеваның кәсіби жолы алдағы уақытта да жаңа белестермен толыға берері сөзсіз…
Ақтөбе облыстық ұйымы
-
Фото
-