«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» МЕЙІРІМНЕН БАСТАЛАДЫ!
Жаңа оқу жылының қарсаңында елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы биыл да жалғасын табуда.
Әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды қолдауға бағытталған игі бастама 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтеді . Акцияның негізгі мақсаты – әр баланы жаңа оқу жылына қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етіп, білім алуға деген құлшынысына қолдау көрсету, сондай-ақ қоғамда мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын дәріптеу.
Осы орайда Түркістан облысының Төлеби аудандық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен «Мектепке жол – мейірімнен басталады» атты қайырымдылық акциясы өтті. Игі шара барысында әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардан шыққан 28 оқушыға жаңа оқу жылына қажетті оқу құралдары табысталды. Балалардың білім алуына жасалған бұл қолдау олардың жаңа оқу жылын алаңсыз бастап, сабаққа қажетті құрал-жабдықтарын түгендеуіне мүмкіндік берді. Балғындардың қуанышты жүздері мен көтеріңкі көңіл-күйі шараның мән-маңызын айшықтай түсті.
Себебі балаға көрсетілген әрбір қамқорлық – оның болашағына жасалған маңызды қадам, ал білімге берілген қолдау – ел ертеңіне деген сенімнің көрінісі. Шара соңында ата-аналар мен оқушылар ұйымдастырушыларға шынайы ризашылықтарын білдіріп, көрсетілген көмектің өздері үшін үлкен демеу болғанын жеткізді. Балалардың жүрегіне қуаныш ұялатып, жаңа оқу жылын жақсы көңіл-күймен бастауына себеп болған бұл бастама – кәсіподақ ұйымының әлеуметтік жауапкершілік пен адамгершілік қағидаттарына адалдығының көрінісі. Мейірімнен басталған әрбір игі іс балаға үміт, отбасыға қуаныш, қоғамға жылу сыйлайды.
Осындай қайырымды істер көбейіп, қамқорлық пен жанашырлықтың шуағы әр шаңыраққа жетсін!
Түркістан облыстық ұйымы