БАЛАҒА ҚАМҚОРЛЫҚ ЖАСАУ – ҚОҒАМҒА ОРТАҚ МІНДЕТ
Елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мектепке жол – мейірімге жол» республикалық қайырымдылық акциясы биыл да жалғасуда. 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтетін игі бастама әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және тұрмысы аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсетуге бағытталған. Акцияның басты мақсаты – әр баланың жаңа оқу жылын қажетті оқу құралдарымен, көтеріңкі көңіл-күймен бастауына жағдай жасау.
Осы игі бастама аясында Кентау қаласында 2026–2027 оқу жылы қарсаңында 350-ге жуық балаға мектеп сөмкелері мен қажетті оқу құрал-жабдықтары табысталды. Балалардың жүзіндегі қуаныш пен жаңа оқу жылына деген ерекше ықылас – жасалған жақсылықтың ең үлкен нәтижесі. Өйткені балаға берілген әрбір көмек – оның білімге деген сенімін арттыратын мүмкіндік.
Бұл игі қайырымдылық шарасы Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Түркістан облыстық ұйымының ұйымдастыруымен, Кентау қаласы әкімдігінің бастамасымен, кәсіпкерлердің демеушілігімен және Кентау қалалық білім бөлімінің қолдауымен жүзеге асты. Бір мақсат жолында топтасқан азаматтардың жанашырлығы мен қолдауы – қоғамдағы мейірім мен әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Мұндай ізгі бастамалар балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, ел ішіндегі бірлік пен өзара қолдаудың берік негізін қалыптастырады.
Балаға қамқорлық жасау – барша қоғамға ортақ міндет. Себебі әрбір бала сапалы білім алуға, мектепке қажетті құралдармен қамтамасыз етілуге және өз қатарынан еш кем сезінбей, жаңа оқу жылын қуанышпен бастауға лайық. Осындай игі шаралар отбасыға демеу болып қана қоймай, балалардың жүрегіне мейірім мен жақсылықтың құндылығын сіңіреді.
Бүгінгі жасалған жақсылық – ертеңгі үлкен жетістіктің бастауы. Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымы балалардың әлеуметтік қорғалуына, отбасыларға қолдау көрсетуге және өскелең ұрпақтың жарқын болашағына бағытталған игі бастамаларды әрдайым қолдайды. Өйткені балаға жасалған қамқорлық – ел болашағына жасалған қамқорлық!
Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымының Кентау қалалық комитеті