ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ НАУҚАНЫ ЖАЛҒАСУДА
Жақсылық жасау бір күндік іс емес, жүректен бастау алған ізгі дәстүр. «Мектепке жол – мейірімге жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында басталған игі бастама өз жалғасын тауып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға көрсетілген қамқорлық тағы да жалғасын тапты. Бұл әр баланың жаңа оқу жылын қуанышпен қарсы алуына мүмкіндік беріп, мейірім мен жанашырлықты дәріптейтін маңызды іс.
Осы орайда Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Түркістан облыстық ұйымы мен Сауран аудандық кәсіподақ комитеті «Мектепке жол – мейірімге жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында облысқа және ауданға қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымдарында әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және тұрмысы аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсетті. Игі бастаманың басты мақсаты – әрбір баланың жаңа оқу жылын алаңсыз қарсы алып, білім алуға қажетті құралдармен қамтамасыз етілуіне өз үлесін қосу. Осы мақсатта балаларға жаңа оқу жылына қажетті оқу құралдары салынған сөмкелер табысталып, олардың мектепке деген қуанышы еселене түсті.
Бұл жай ғана көмек емес, балаға деген шынайы қамқорлық пен жанашырлықтың көрінісі. Әрбір табысталған сөмке мен оқу құралы балаға көрсетілген қолдаудың, оның болашағына деген сенімнің белгісі. Кәсіподақ ұйымдарының осындай игі істері әлеуметтік жауапкершілікті арттырып қана қоймай, қоғамдағы мейірімділік, бірлік пен өзара қолдау құндылықтарын нығайта түседі. Игілікке басталған іс жалғасын тауып, мейірімге ұлассын! Әрбір бала мектепке қуанышпен қадам басып, жаңа оқу жылын жақсы көңіл күймен қарсы алсын!
Түркістан облыстық ұйымының Сауран аудандық комитеті