ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ӨРІСІН КЕҢЕЙТКЕН ҰСТАЗ
Ұлттық қолөнерді ұлықтап, оны жас ұрпаққа үйрету – үлкен ізденіс пен кәсіби шеберлікті қажет ететін жұмыс. Бұл бағытта ұзақ жылдардан бері нәтижелі еңбек етіп келе жатқан ұстаздың бірі – Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында М.Төлегенов атындағы жалпы білім беретін орта мектептің көркем еңбек пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Дүйсенқұлова Шарбану Рафихқызы.
Шарбану Дүйсенқұлова 1973 жылы 18 қаңтарда Ырғыз ауданының Ақши ауылында дүниеге келген. 1988-1992 жылдары Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық училищесінде «Еңбек бөлімі мұғалімі» мамандығы бойынша білім алып, 1994-1998 жылдары Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын «Бейнелеу өнері пәні мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1992 жылы бастап, содан бері М.Төлегенов атындағы мектепте үздіксіз қызмет атқарып келеді. 2006-2008 жылдары мектеп психологы қызметін қоса атқарса, 2009-2010 жылдары мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болды.
Шарбану Дүйсенқұлова негізгі бағыты – ұлттық қолөнерді оқу үдерісімен байланыстыра отырып, оқушының шығармашылық қабілетін дамыту. Ол ұлттық термебау мен алаша тоқу өнерін заманауи бағытта жаңғыртып, жинақтаған тәжірибесін шәкірттеріне үйретіп келеді. Ұлттық өнерді тек үйретумен шектелмей, оқушыларды осы бағыттағы ғылыми-зерттеу және шығармашылық жобаларға тартып, олардың ізденісіне бағыт береді.
Ұстаздың еңбегінің нәтижесі шәкірттерінің жетістіктерінен көрінеді. Ол дарынды оқушыларды аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми жобаларға, конференцияларға, олимпиадаларға, сурет байқаулары мен фестивальдерге дайындап келеді. Соңғы бес жылдың өзінде шәкірттері олимпиадаларда, облыстық және қалалық сурет байқауларында 79 рет жеңімпаз және жүлдегер атанған.
Шарбану Дүйсенқұлова ұлттық қолөнерді насихаттау бағытында да бірқатар жұмыстар атқарып келеді. 2021 жылы Ақтөбе облысы білім басқармасының қолдауымен жарық көрген «Алтын тұмар» жинағына өңірдегі көркем еңбек пәні мұғалімдерінің қолөнер және сурет туындыларын енгізуге атсалысып, авторлық құқыққа ие болды. Осы еңбегі үшін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасарының Алғыс хатымен марапатталды. Қазіргі уақытта облыстық Көркем еңбек пәні мұғалімдері ассоциациясының мүшесі ретінде аудандық және облыстық деңгейде ұлттық құндылықтарға негізделген шеберлік сабақтарын өткізіп, өз тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп келеді.
Шарбану Дүйсенқұлова еңбегі әр жылдары түрлі деңгейдегі марапаттармен бағаланды. 2020 жылы кәсіподақтың қолдауымен Сарыағаш емдеу-сауықтыру орталығына тегін жолдама сертификатына ие болды. 2021 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2023 жылы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің Алғысына ие болды. 2024 жылғы Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының Республикалық Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұдан бөлек облыстық және республикалық деңгейдегі бірқатар Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарына ие.
Шарбану Дүйсенқұлова еңбек жолын бір мектепте бастап, сол білім ордасында отыз жылдан астам уақыт бойы табанды еңбек етіп келе жатқан ұстаз. Оның кәсіби тәжірибесі, ұлттық қолөнерге деген қызығушылығы және шәкірттерімен жүйелі жұмысы мектептегі көркем еңбек пәнінің мазмұнын байытып келеді. Бүгінде ол өз тәжірибесін шәкірттерімен қатар әріптестерімен де бөлісіп, ұлттық өнерді білім беру арқылы дәріптеп жүрген тәжірибелі маман.
Ақтөбе облыстық ұйымы
-
Фото
-