ІЗДЕНІС ПЕН ӨНЕРДІ ҰШТАСТЫРҒАН ЖАС МАМАН
Жастық шақ – ізденіс пен жаңашылдыққа, еңбек пен талпынысқа толы ерекше кезең. «Жас келсе – іске» демекші, өз ісіне жауапкершілікпен қарап, бойындағы өнерін шәкірттеріне үйретіп жүрген жас мамандардың еңбегі – қашанда құрметке лайық. Осындай өз ісіне берілген, шығармашыл жастардың бірі – Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Оқушылар үйінде биші-хореограф болып еңбек етіп жүрген Гүлфайруз Алтынбек.
Алтынбек Гүлфайруз Өмірбекқызы 2002 жылы 2 қаңтарда Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Ақсу ауылында дүниеге келген. Сол ауылдың №116 орта мектебінде оқыды. 2019-2023 жылдар аралығында Қорқыт Ата атындағы университетте Хореограф мамандығы бойынша жоғары білім алды.
Гүлфайруз бала кезінен бидің әсем әлеміне қызығушылық танытып, хореография өнерін кәсіби бағытта меңгерген жас маман. Бүгінде ол өзінің білімі мен тәжірибесін жас ұрпаққа үйретіп, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға өз үлесін қосып келеді.
Хореография тек әуен ырғағына сай қимыл жасау емес. Ол баланың сахна мәдениетін қалыптастырып, әсемдікке, жинақылыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелейтін өнер. Мұны жақсы түсінетін Гүлфайруз әр шәкіртінің бойындағы қабілетті байқап, оны дамытуға ерекше көңіл бөледі.
Жас хореографтың жетекшілігімен дайындалған шәкірттері түрлі деңгейдегі республикалық, облыстық және аудандық байқауларға қатысып, өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетіп келеді. Әрбір байқау - шәкірт үшін үлкен тәжірибе, олардың жетістігі – ұстаз еңбегінің жемісі.
Сахна сыртындағы дайындықтың өзі үлкен еңбекті талап етеді. Жаңа би қойылымын дайындау, музыка таңдау, қимылдарды үйлестіру, әр баланың мүмкіндігіне қарай жұмыс жүргізу хореографтан үлкен ізденіс пен шыдамдылықты қажет етеді.
Гүлфайруз осы жауапкершілікті абыроймен атқарып, шәкірттерін өнер додаларына жүйелі түрде дайындап келеді.
Оның шәкірттерінің әрбір сахнаға шығуы бірнеше күндік емес, үздіксіз еңбектің, табандылықтың және ұстаз бен шәкірт арасындағы өзара түсіністіктің нәтижесі.
Жас маман үшін ең үлкен жетістік – өзі жеткен биіктен де бұрын, шәкірттерінің жетістігін көру. Бүгінде Гүлфайруздың шәкірттері түрлі байқауларда топ жарып, Оқушылар үйінің өнерлі ұжымдарының қатарын толықтырып жүр.
Қызылорда облыстық кәсіподақ ұйымы