ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық білім кәсіподағы ұйымының қолдауымен жаңа оқу жылы қарсаңында ұстаздар қауымына арналған мазмұнды іс-шара өтті.
Кәсіподақтың ұйытқы болуымен жасы 55-тен асқан ардагер педагогтар мен аға буын өкілдеріне екі күндік арнайы демалыс сыйға тартылды. Демалушылар Зайсан өңірінің көрікті жерінде орналасқан «Бәйтерек» сауықтыру лагерінде бас қосты.
Аудан мектептерінен жиналған ұстаздар табиғат аясында тынығып, таза ауада сейіл құрды. Жылдағы дәстүрге сай тау бөктерінен жеміс-жидек теріп, ұжымдық ауызбіршілікті арттыратын түрлі спорттық сайыстар мен ұлттық ойындарға белсене қатысты. Сергіту жаттығулары мен тартысты ойындар ардагер ұстаздарға ерекше көңіл-күй мен тың серпін сыйлады.
Іс-шараның сәнін Сартерек ауылдық округі мәдениет қызметкерлерінің дайындаған шағын концерттік бағдарламасы кіргізді. Әуелеген ән мен әсем би, ұстаздарға арналған ыстық лебіздер жиынның мерейін өсіре түсті.
Жаңа оқу жылы алдында рухани сергіп, күш-қуат жинаған педагогтар екі күнге созылған ұмытылмас демалыстан үлкен әсер алып, бір-біріне деген қимастық сезіммен әрі ризашылықпен тарқасты.
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық кәсіподақ ұйымы
-
Фото
-