БІЛІМ КҮНІ - ЖАҢА БАСТАМАЛАРДЫҢ БАСТАУЫ
1 қыркүйек – Білім күніне орай Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математика лицей-интернатында жаңа оқу жылына арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынға Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова қатысты.
Мерекелік жиынға лицей-интернаттың ұстаздары мен қызметкерлері, оқушылар, ата-аналар, ардагер ұстаздар, әр жылдардағы түлектер және білім саласының өкілдері қатысып, жаңа оқу жылының басталуына арналған ақжолтай тілектерін жеткізді.
Биылғы Білім күні лицей-интернат үшін қос мерекемен ерекшеленді. Жаңа оқу жылын қарсы алған білім ордасы өзінің 30 жылдығын атап өтуде.
Үш онжылдық ішінде лицей-интернат талай дарынды жастың қанатын қатайтып, сапалы білім мен саналы тәрбие беретін іргелі білім ордасына айналды. Мерейтойлық шара барысында лицейдің қалыптасу тарихы, ұстаздардың еселі еңбегі мен шәкірттердің жарқын жетістіктері кеңінен сөз етілді.
Айтулы шараға білім ордасының қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ардагер ұстаздар мен қызметкерлер, әр жылдардағы түлектер қатысып, лицейдің үш онжылдықтағы жетістіктеріне куә болды.
Мерейтой аясында облыстық кәсіподақ ұйымы тарапынан лицей-интернаттың кәсіподақ мүшелеріне 500 мың теңге көлемінде сертификат табысталды. Сонымен қатар білім ордасының үздік қызметкерлері мен белсенді мүшелеріне тарихи-танымдық саяхатқа баруға мүмкіндік берілді.
Бұл – кәсіподақ ұйымының өз мүшелерінің әлеуметтік жағдайына, жан-жақты демалуына ерекше көңіл бөлетінінің айқын көрінісі.
Облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова лицей ұжымын Білім күнімен және білім ордасының 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, ұстаздарға шығармашылық табыс, еңбектеріне береке, шәкірттеріне биік жетістіктер тіледі.
Сондай-ақ, білім ордасының қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ұстаздарға алғысын білдіріп, лицей-интернаттың алар асуы биік болуына тілектестік білдірді.
Білім күні – жаңа бастамалардың бастауы, ал 30 жылдық мерейтой – еселі еңбектің жемісі. Екі айтулы дата тоғысқан бұл күн білім мен құрметтің, дәстүр мен жаңарудың мерекесіне айналды.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-