КӘСІПОДАҚ ЗАҢГЕРЛЕРІ МӘРТӨКТЕГІ БІЛІМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының заңгерлері Александр Алимпиев пен Нұрлан Жетпісбай Мәртөк ауданындағы Родниковка жалпы білім беретін мектебінің білім қызметкерлерімен кездесті.
Жүздесу барысында ұжым мүшелері еңбек қатынастарына қатысты сауалдарын қойып, заңгерлерден жауаптар алды. Қызметкерлердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері, жұмыс беруші мен жұмыскердің міндеттері, еңбекақы төлеу тәртібі секілді мәселелерге назар аударылды.
Кездесудің жалғасы келісу комиссиясының мүшелеріне арналған семинармен өрбіді. «Еңбек даулары, олардың туындау себептері және келісу комиссиясында қарау тәртібі. Ұжымдық шарт. Еңбек қауіпсіздігі – басты мүдде» тақырыптарындағы семинарда еңбек дауларының туындау себептері мен оларды реттеу жолдары талқыланды.
Облыстық ұйымның заңгерлері келісу комиссиясының жұмыс тәртібіне тоқталып, оның еңбек дауларын шешудегі рөлін түсіндірді. Тараптар арасындағы келіссөзді дұрыс ұйымдастыру, туындаған келіспеушілікті шешу және еңбек заңнамасы талаптарының орындалуы мәселелері талқыланды.
Семинарда ұжымдық шарттың маңызына да мән берілді. Оның талаптарын орындау, әлеуметтік кепілдіктерді сақтау, қызметкерлердің еңбек жүктемесіне қарай еңбекақысын есептеу, үстемеақы мен жәрдемақыларды төлеу тәртібі жөнінде түсініктемелер берілді. Теориялық мәселелермен қатар, еңбек қатынастарында жиі кездесетін нақты жағдайлар да назарға алынды. Бұл қатысушылардың өз жұмыс тәжірибесіндегі мәселелерді ортаға салып, заң тұрғысынан қарауына жол ашты.
Іс-шара соңында кәсіподақ өкілдері мектепте қоғамдық бақылау жүргізді. Қоғамдық бақылау барысында еңбек қатынастарына қатысты ішкі құжаттар зерделеніп, еңбек және ұжымдық шарттардың қолданыстағы заң талаптарына сәйкестігі қаралды.
Родниковка мектебіндегі басқосу құқықтық кеңеспен ғана шектелмей, еңбек ұжымының күнделікті жұмысында кездесетін мәселелерді талқылауға ұласты. Кәсіподақтың құқықтық түсіндіру және қоғамдық бақылау бағытындағы жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-