ШӘКІРТІН ШЫҢДАҒАН ШЕБЕР ҰСТАЗ
Қазіргі білім беру саласының басты мақсаты – теориялық білім берумен қатар оқушыларды заманауи технологияларды меңгерген, бәсекеге қабілетті тұлға етіп тәрбиелеу.
Осы орайда Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданындағы «Р. Мәрсеков атындағы орта мектебі» КММ-нің информатика пәні мұғалімі, педагог-сарапшы Нартай Базарбекұлы Нұрашовтың еңбегі ерекше атап өтуге лайық.
Еңбек жолын 2021 жылы бастаған жас маман аз уақыт ішінде өзін инновациялық әдіс-тәсілдерді шебер меңгерген, ізденімпаз әрі нәтижелі ұстаз ретінде таныта білді. Оның басты ұстанымы – оқушылардың цифрлық құзыреттілігін қалыптастырып, инженерлік дағдыларын дамыту.
Нартай Базарбекұлының мектеп қабырғасында ұйымдастырған робототехника үйірмесі жай ғана қосымша сабақ емес, болашақ жаңашыл мамандар мен инженерлерді шыңдайтын нағыз шығармашылық шеберханаға айналды. Ұстаздың жетекшілігімен оқушылар логикалық ойлауды, бағдарламалауды және құрастыруды практика жүзінде терең меңгеріп келеді.
Нәтиже де көп күттірген жоқ. Жыл сайын оның шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен фестивальдерде топ жарып жүр:
•Халықаралық грант иегерлері: 2026 жылы халықаралық чемпионаттарда топ жарған оқушылар жоғары нәтиже көрсетіп, Алматы қаласындағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне (IITU) және Павлодардағы С. Торайғыров атындағы университетке білім беру грантын жеңіп алды.
•Пуэрто-Рико мен Оңтүстік Кореяға жолдама: Мектеп тарихындағы үлкен жетістіктердің бірі – «World Robot Olympiad (WRO – 2026)» ұлттық кезеңінде орын алды. Жүйелі дайындықтың арқасында І орын иеленген 2 оқушы Қазақстанның ұлттық құрамасы сапына еніп, Пуэрто-Риконың Сан-Хуан қаласында өтетін Әлемдік робототехника олимпиадасына жолдама алды. Ал ІІІ орын алған тағы 2 оқушы Оңтүстік Кореяда өтетін халықаралық додада ел намысын корғайтын болады.
•Халықаралық жеңістер: «RED Fest» халықаралық фестивалінде Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты елдерден келген жас инженерлер арасында өнер көрсетіп, «Эстафета» номинациясы бойынша жүлделі ІІ орынды қанжығаға байлады.
•Әлемдік рейтингте: «FIRST ROBOTICS» чемпионатының облыстық кезеңінде «Robot Design Award Winner» және «Champion’s Award Finalist» аталымдарын иеленіп, Орталық Азия чемпионаты арқылы Dubai Off-Season халықаралық жарысына жолдама алды.
Оқушыларына бағыт-бағдар беріп қана қоймай, Нартай Нурашов өзі де кәсіби тұрғыда үздіксіз дамып келеді. Ол – «STEM Teachers Training» курстарының түлегі, облыстық семинар-практикумдар мен шеберлік сыныптарының белсенді спикері.
Сонымен қатар, 2025 жылы Астана қаласында өткен «AITU KazRoboDrone» симулятордағы дронрейсинг бойынша халықаралық байқауында педагог ретінде бақ сынап, жүлделі ІІІ орынға ие болды. Еңбегі бағаланып, ШҚО Білім басқармасы мен Ұлан аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ «WRO» ұлттық сайысында «Үздік рейтинг тобының жетекшісі» дипломымен марапатталған.
«Ұстаздық – жүгі ауыр, абыройы биік өнер». Ауыл мектебінен шығып, шәкірттерін әлемдік білім бәсекелеріне қосқан Нартай Базарбекұлының еңбегі – жаңашылдық пен шынайы отансүйгіштіктің айқын үлгісі. Болашақ инженерлерді тәрбиелеп отырған жас ұстаз бен оның дарынды оқушыларына алдағы әлемдік додаларда тек жеңіс тілейміз!
Шығыс Қазақстан облысы Ұлан аудандық кәсіподақ ұйымы