ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛДІ
Бүгін Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілдері Қарғалы ауданының Желтау ауылына жұмыс сапарымен барды. Жұмыс сапары барысында ұйым заңгерлері Александр Алимпиев пен Нұрлан Жетпісбай Петропавл орта мектебі және «Бәйтерек» бөбекжай-балабақшасының ұжымдарымен кездесті.
Кездесу барысында қызметкерлер еңбек қатынастарына қатысты өздерін толғандырған сауалдарын қойып, кәсіподақ заңгерлерінен жан-жақты жауаптар мен құқықтық түсініктемелер алды.
Жүздесудің жалғасы келісу комиссиясының мүшелеріне арналған семинарға ұласты. Семинарда «Еңбек даулары, олардың туындау себептері және келісу комиссиясында қарау тәртібі. Ұжымдық шарт. Еңбек қауіпсіздігі – басты мүдде» тақырыптары қамтылды. Іс-шара барысында еңбек дауларының туындау себептері, оларды шешу және реттеу жолдары, сондай-ақ келісу комиссиясының еңбек дауларын қараудағы рөлі талқыланды. Сонымен қатар, ұжымдық шарттың маңызына ерекше назар аударылды. Оның талаптарын орындау, қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктерін сақтау, еңбек жүктемесіне сәйкес еңбекақыны дұрыс есептеу, үстемеақылар мен жәрдемақыларды төлеу тәртібі бойынша түсініктемелер берілді.
Кездесуден соң кәсіподақ өкілдері мектеп пен балабақшада қоғамдық бақылау жүргізді. Бақылау барысында еңбек қатынастарына қатысты ішкі құжаттар зерделеніп, еңбек және ұжымдық шарттардың қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігі қаралды.
Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, құқықтық сауаттылығын арттыру және еңбек қатынастары саласындағы мәселелер бойынша әдістемелік әрі құқықтық көмек көрсету.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-