ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР
Жүнісова Күлзипаш Сыдыққызы – саналы ғұмырын білім саласына, ұрпақ тәрбиесіне және туған ауылының қоғамдық өміріне арнаған, еңбегімен ел алғысына бөленген ардақты жан.
Күлзипаш Сыдыққызы 1955 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Қабанбай ауылында дүниеге келген. 1973 жылы Асусай ауылына келін болып келіп, осы ауылдың тыныс-тіршілігімен біте қайнасып, елдің қоғамдық өміріне белсене араласты.
1987 жылы Асусай мектебінің интернатына бала күтуші болып жұмысқа орналасып, еңбек жолын білім ордасында бастады. Интернат жабылғаннан кейін мектепте 20 жыл бойы кітапханашы қызметін абыроймен атқарып, талай шәкірттің кітап әлеміне қызығушылығын оятып, білімге ұмтылуына үлес қосты.
Көп жылғы адал еңбегі еленіп, аудандық және облыстық деңгейдегі марапаттарға ие болды. Соның ішінде «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі үшін» облыстық медалімен марапатталуы – Күлзипаш Сыдыққызының туған өлкенің дамуына қосқан еңбегінің жоғары бағаланғанының айқын дәлелі.
Еңбек жолында қарапайымдылықты, жауапкершілікті және адамға деген құрметті биік қойған Күлзипаш апай әріптестері арасында сыйлы, ауылдастары арасында қадірлі бола білді.
Бүгінде ардақты еңбек адамы – немерелерінің сүйікті әжесі, ауылдың беделді апасы, елдің ақылын айтып, кейінгі буынға өнегесін көрсетіп жүрген жан. Зейнет демалысында болса да, туған ауылының қоғамдық өмірінен шет қалмай, ауылдың көркеюі мен гүлденуіне өз үлесін қосып келеді.
Еңбек адамының өмір жолы – ел тарихының бір бөлшегі. Күлзипаш Сыдыққызының ғибратты ғұмыры – адал еңбектің, елге қызмет етудің, туған жерге жанашырлық танытудың жарқын үлгісі.
Осындай елге еңбегі сіңген ардақты жандарды дәріптеу – кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге.
Тарбағатай аудандық кәсіподақ ұйымы
Шығыс Қазақстан облысы