ҰСТАЗ ЕҢБЕГІ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ
Ұстаз – ұрпаққа білім беріп қана қоймай, оның болашағына бағыт-бағдар беретін, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнайтын ұлы тұлға. Осындай өз ісінің шебері, білім саласында табанды еңбек етіп жүрген білікті ұстаздардың бірі – Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы Комсомол жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұмахметова Жанар Бейбітқызы.
Жуырда Жанар Жұмахметоваға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен республикалық тамыз конференциясында «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгісін салтанатты түрде табыстады.
Жоғары мемлекеттік марапат Жанар Жұмахметованың ұзақ жылдар бойғы адал еңбегі мен кәсіби шеберлігіне берілген лайықты баға. Бұл жетістіктің негізінде мектепке, шәкірт тәрбиесіне және сүйікті мамандығына арнаған 24 жылдық табанды еңбек пен үздіксіз ізденіс жатыр.
Жанар Жұмахметова – жоғары білімді, педагог-зерттеуші, тәжірибелі ұстаз әрі білікті басшы. Ол өзінің саналы ғұмырының елеулі бөлігін білім саласын дамытуға, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге арнап келеді.
Еңбек жолын 2000 жылы М.Жұмабаев атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады. 2003–2007 жылдары Комсомол орта мектебінде, ал 2007–2011 жылдары Талдысай орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарды. 2011 жылдан бері Комсомол жалпы білім беретін мектебінде жемісті еңбек етіп келеді. Мұнда ол ұстаздық қызметімен қатар, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде де жауапты міндет атқарып, мектептің білім сапасын арттыруға, педагогтардың кәсіби дамуына және шәкірттердің жан-жақты жетілуіне өз үлесін қосып келеді.
Ұстаз еңбегі – ұлт болашағына салынған инвестиция. Осы жолда саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап, білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген Жанар Жұмахметованың еңбегі кейінгі буынға үлгі. Өз ісіне адал, шәкіртіне жанашыр ұстаздың алар асуы мен жетер жетістігі әлі де көп болғай!
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-