МЕН НЕГЕ КӘСІПОДАҚТАМЫН?!
Кәсіподақ – жұмысшылардың еңбек құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғауға бағытталған ұйым. Бүгінгі таңда еңбек ұжымында әр қызметкердің өз құқығын білуі, жұмыс берушімен өзара түсіністік пен ынтымақтастықта болуы өте маңызды.
Алматы қаласындағы ҚМКҚ №177 бөбекжай балабақшасы 2012 жылдың 20 қыркүйегінде ашылды. Мен осы мекемеде музыка жетекшісі қызметін атқарамын, 2023 жылы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы болып сайландым.
Кәсіподақ мүшесі болуды, ең алдымен, бірлік пен өзара қолдаудың белгісі деп түсінемін. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дегендей, қызметкерлер бір-біріне қолдау көрсеткен жағдайда ұжымда жағымды психологиялық ахуал қалыптасып, еңбек етуге қолайлы жағдай жасалады.
Балабақша қызметкерлерінің еңбегі – үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды жұмыс. Тәрбиеші мен педагог күн сайын балалардың қауіпсіздігіне, тәрбиесі мен дамуына көңіл бөледі. Сонымен қатар тәрбиеші көмекшілері, музыка жетекшілері, психологтар, әдіскерлер, медицина қызметкерлері және басқа да мамандар балабақшаның қалыпты жұмыс істеуіне өз үлестерін қосады. Осындай еңбекті бағалау және қызметкерлердің құқықтары мен әлеуметтік жағдайын қорғау – кәсіподақтың маңызды міндеттерінің бірі.
Мен кәсіподақтамын, себебі:
* еңбек құқықтарым мен заңды мүдделерімнің қорғалғанын қалаймын;
* қиын жағдайда әріптестерімнен қолдау бар екенін сезінемін;
* еңбек ұжымының бірлігіне үлес қосқым келеді;
* қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына көңіл бөлінгенін қолдаймын;
* ұжымдық іс-шаралар мен қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуды маңызды деп санаймын.
Кәсіподақ тек мәселелер туындаған кезде ғана қажет болатын ұйым емес. Ол – қызметкерлер мен жұмыс беруші арасындағы өзара түсіністік пен әлеуметтік әріптестікті нығайтуға көмектесетін орта. Кәсіподақ мүшесі болу арқылы әр қызметкер өз ұжымының өміріне белсенді араласып, ортақ мәселелерді шешуге өз үлесін қоса алады.
Мен үшін кәсіподақ – бұл ең алдымен қолдау, сенім, бірлік және әділдік. Ұжым мүшелері бір-біріне жанашырлық танытып, ортақ мақсатқа жұмылғанда ғана еңбек ұжымы мықты болады. Балабақшадағы әр қызметкердің еңбегі бағалы. Сондықтан біз өзара сыйластықты сақтап, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, кәсіби міндетімізді адал атқаруымыз керек.
Кәсіподақ жақын – өйткені кәсіподақтың күші әр мүшесінің бірлігінде!
А.Жарылгапова ,
Алматы қаласы, Алатау ауданы, №177 б/б бастауыш кәсіподағының төрағасы,
«Ұстаз» кәсіподағы
-
Фото
-