ҮЛГІЛІ ҰСТАЗ
Еселі еңбегімен еліне сыйлы, оқушы мен ата-анаға қадірлі, білімін өскелең ұрпаққа өнеге ете білген Алматы қаласы Әуезов ауданындағы №173 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Садықова Бахтыгүл Сейтсұлтанқызының аты тек мектеп ішінде, ауданда ғана емес республикаға және шетел деңгейінде танылғанын мақтанышпен айтуға болады. Ұстаз «Халық алғысы» медалі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін иеленіп, «Қазақстан мұғалімі» Ұлттық сыйлығы жобасының ТОП-50 үздік мұғалімдер қатарына 2018 және 2024 жылдары екі рет енген. Әрине, мұндай еңбек үлкен құрмет пен ілтипатқа ие болуға тиіс. Ұлағатты ұстаз білім-білігін ел болашағы - жас буын бойына сіңіру жолында аяндай еңбек етіп жүр.
Ол еңбек жолын бастағаннан бері «Ұстаз» кәсіподағының мүшесі. Мәртебелі мұғалім кәсіподақтан көп қолдау көргенін, кәсіподақ бар жерде қолдау бар екенін үнемі айтып жүреді. Бахтыгүл Сейтсұлтанқызымен «Ұстаз» кәсіподағы да мақтанады, өйткені кәсіподақ өз мүшесінің еңбегін бағалайды, құрметтейді.
Біздің мақсатымыз - болашақ үшін аянбай еңбек етіп жүрген абзал ұстаздарымызды педагогикалық жолын жаңа бастаған жастарға үлгі ету.
Алматы қаласы «Ұстаз» кәсіподағының Әуезов аудандық филиалы