БІРЛІКПЕН БИІКТІ БАҒЫНДЫРҒАН БІЛІМ ОРДАСЫ
Ақтөбе облысы Хромтау ауданының Тасөткел орта мектебі – білім сапасын арттыруды, ұстаздардың кәсіби дамуын және оқушылардың жан-жақты жетілуін басты назарда ұстап келе жатқан білім ордаларының бірі. 2013 жылы бой көтерген, жобалық қуаты 60 орынға арналған мектеп бүгінде өзара қолдауы мен ұйымшылдығы жарасқан үлкен ұжымға айналды. Мектептегі 51 кәсіподақ мүшесі ұжымның ұйымшылдығын арттырып, ортақ іске жұмыла еңбек етуіне ықпал етіп келеді.
Мектеп жетістігінің негізінде ең алдымен мұғалім мен оқушының бірлескен еңбегі жатыр. Ұстаздардың ізденісі мен шәкірттердің білімге деген құштарлығы өз нәтижесін беріп келеді. Оқушылар жыл сайын пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысып, жоғары нәтижелер көрсетуде. Бұл – білім беру үдерісінде сапаға бағытталған жүйелі жұмыстың жемісі.
Тасөткел орта мектебінде педагогтардың кәсіби өсуіне де ерекше мән беріледі. Ұжымда тәжірибе алмасуға, тиімді әдіс-тәсілдерді ортақ талқылауға және жаңашыл идеяларды оқу үдерісіне енгізуге мүмкіндік беретін мектепішілік әдістемелік-эксперименттік жобалар дәстүрге айналған. Әр оқу жылында қолға алынған жобалар мұғалімдердің үздіксіз дамуына жаңа серпін беріп отыр.
2023–2024 оқу жылында жүзеге асқан «Үздіксіз даму» жобасы педагогтардың кәсіби ізденісін күшейтуге бағытталса, 2024–2025 оқу жылындағы «Бірлесіп оқыту» жобасы әріптестік орта қалыптастырып, тәжірибе бөлісуге жол ашты. Ал, 2025–2026 оқу жылында ұйымдастырылған «Pedagogical Upgrade» ашық сабақтар шеруі заманауи педагогикалық тәсілдерді насихаттап, ұстаздардың өзара тәжірибе алмасуына кең мүмкіндік берді.
Осындай сабақтастыққа негізделген ізденіс мектептің даму бағытын айқындап, ұжым мүшелерін ортақ мақсат төңірегіне топтастыра түсті. Мұнда әр жетістік жеке адамның емес, біртұтас ұжымның еңбегі ретінде бағаланады.
Осының жарқын дәлелі 2025–2026 оқу жылында Тасөткел орта мектебінің «Үздік ұйым» грантының жеңімпазы атануы. Бұл марапат – мектеп ұжымының жылдар бойы қалыптасқан еңбегіне берілген жоғары баға. Жеңіс ұстаздардың кәсіби ізденісі мен оқушылардың жетістігін, ұйымшылдық пен жаңашылдықты бір арнаға тоғыстырған жүйелі жұмыстың нәтижесі болды.
Бүгінде Тасөткел орта мектебі – білім мен тәрбиені қатар ұштастырып, ұстаздың кәсіби әлеуетін арттыруға, оқушының мүмкіндігін ашуға және заман талабына сай дамуға ұмтылған білім ошағы. Мектептің басты күші – өз ісіне адал, бір мақсатқа жұмылған ұжымында.
«Үздік ұйым» гранты – қол жеткізген жетістіктің мәресі емес, жаңа белестерге бастайтын үлкен мүмкіндік. Тасөткел орта мектебінің бүгінгі жетістігі – жылдар бойы қалыптасқан жүйелі жұмыстың, ұстаздардың ізденісі мен ұжымның ортақ іс жолындағы еңбегінің нәтижесі.
Ақтөбе облыстық ұйымы
-
Фото
-