ТӨЛ ӨНЕРДІҢ ЖАНАШЫРЫ
Ұстаздық – жүрекпен таңдалатын, жанмен атқарылатын қасиетті жол. Осы жолды ғұмырлық мұрат етіп, саналы өмірін ұлттық өнерді дәріптеуге арнаған абзал жандардың бірі – Бегманов Зейнулла Рахметуллаұлы.
1965 жылдың 10 ақпанында Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Коммунар совхозында дүниеге келген ол қарапайым ауылдың топырағында өсіп, өнерге деген сүйіспеншілікті бала кезінен жүрегіне сіңірді. 1972 жылы Коммунар орта мектебінің табалдырығын аттап, 1982 жылы он жылдық білімін тәмамдады. Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ домбыраның қоңыр үні оның өмірлік бағытын айқындап берген еді.
Еңбек жолын Ы. Дүкенов атындағы балалар музыка мектебінде домбыра сыныбы бойынша сабақ беруден бастауы ағайдың тағдыр таңдауы болды. Музыка мектебін үздік бітірген жас маманға мектеп директорының өзі сенім артып, ұстаздық қызметке ұсынуы оның таланты мен жауапкершілігінің айғағы.
Содан бері домбыра үнімен өрілген ғұмыр жолы үзілген емес.
Бүгінде Зейнулла Рахметуллаұлы Ақтау қаласындағы №26 жалпы білім беретін мектепте музыка пәні мұғалімі қызметін абыроймен жалғастырып келеді. 42 жылға жуық еңбек өтілі бар қадірлі ұстаз тек сабақ берумен шектелмейді. Ол бос уақытында ауыл балаларына арнап тегін үйірмелер ұйымдастырып, ұлттық аспапты, ұлттық өнерді жас буынның бойына сіңіруді мақсат тұтады. Бұл – шынайы жанашырлықтың, ел болашағына деген адал ниеттің көрінісі.
Зейнулла ағай үшін домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес. Ол – тарих, тағылым, тәрбие. Әр күйдің астарында жатқан шежірені шәкірт жүрегіне жеткізе отырып, ол балаларға тек орындаушылық шеберлік емес, ұлттық рух пен мәдениеттің қадірін ұғындырады. Оның сабағында шәкірт тек күй тартып үйренбейді, ол өзін тануға, бойына ұлттық рұхты сіңіруге, өз тамырын сезінуге қадам жасайды.
Ұстаздың ең үлкен бақыты – шәкіртінің жетістігі. Зейнулла ағай тәрбиелеген талай шәкірт өнер жолын таңдап, түрлі байқаулар мен сахналарда ел намысын қорғап жүр. Бұл – ұстаз еңбегінің жемісі.
Отбасында да ол – ардақты жар, асқар таудай әке, немерелеріне мейірімді ата. Үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, екі келін түсіріп, үш немеренің қызығын көріп отырған өнегелі шаңырақ иесі. Оның өмірлік ұстанымы – адал еңбек, ұлттық құндылыққа құрмет және ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілік.
Осындай ұлағатты ұстаздардың арқасында қазақтың қара домбырасы күмбірін тоқтатпайды. Зейнулла Рахметуллаұлы – өнердің шырағын өшірмей, оны кейінгі буынға аманаттап келе жатқан нағыз ұстаз, нағыз тұлға.
С.Қойланова,
Ақтау қаласы, №26 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі