КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІМЕН АШЫҚ ДИАЛОГ
Кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қатысты білімін арттыру, сондай-ақ еңбек саласындағы өзекті мәселелердің тиімді шешілуіне ықпал ету мақсатында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілдері Мәртөк ауданындағы Саржансай жалпы білім беретін орта мектебі мен №5 «Балбөбек» бөбекжай-балабақшасының кәсіподақ мүшелерімен ашық кездесу өткізді.
Кездесу барысында кәсіподақ өкілдері еңбек қатынастарына қатысты өзекті мәселелерге тоқталып, кәсіподақ ұйымының қызметі, оның еңбек құқықтары мен әлеуметтік мүдделерді қорғаудағы рөлі туралы кеңінен түсіндірді.
Қатысушылар өздерін толғандырған сауықтыруға, еңбек қатынастарына және әлеуметтік қолдауға қатысты сұрақтарын қойып, мамандардан жауаптар алды.
Ашық кездесу әрі қарай келісу комиссиясының мүшелеріне арналған семинарға ұласты. Семинар барысында «Еңбек даулары, олардың туындау себептері және келісу комиссиясында қарау тәртібі» тақырыбы талқыланды. Қатысушылар еңбек дауы туындаған жағдайда мәселені келіссөздер арқылы шешу жолдары, тараптардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ келісу комиссиясының жұмыс тәртібі жөнінде практикалық кеңестер алды.
Сонымен қатар аталған ұйымдардарда қоғамдық бақылау жүргізіліп, еңбек заңнамасының сақталуы мен кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғауға қатысты мәселелер назарға алынды.
Кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған осындай кездесулер мен семинарлар алдағы уақытта да жалғасын табады. Аталған жұмыстардың келесі кезеңі Хромтау ауданында ұйымдастырылып, кәсіподақ мүшелеріне құқықтық кеңес беру және еңбек қатынастарына қатысты өзекті мәселелерді талқылау жоспарлануда.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-