ӨНЕГЕЛІ ЕҢБЕК ЖОЛЫ
Ақтөбе облысы Шалқар қаласындағы №4 жалпы орта білім беретін мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Ләззат Абрахманқызы Жиенбаеваның ұстаздық жолы — ізденіс пен тәжірибені, кәсіби шеберлік пен қоғамдық белсенділікті ұштастырған өнегелі еңбек жолы.
Ләззат Жиенбаеваның педагогика саласындағы алғашқы қадамы 1987 жылы Алматы қаласындағы шетел тілдері педагогика институтынан басталды. 1993 жылы ағылшын және неміс тілдері мұғалімі мамандығын алып, Бершүгір орта мектебінде еңбек жолын бастады. Жас маман алғашқы жылдардан-ақ ұстаздықтың үлкен жауапкершілігін сезініп, кәсіби тәжірибесін шыңдауға ден қойды.
Кейін Алматы қаласында жолбасшы-аудармашы қызметін атқарып, шетел тілінде еркін қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін ортада тәжірибесін кеңейтті. Бұл кезең оның тілдік білімін тереңдетіп қана қоймай, әртүрлі ортада жұмыс істеуіне, адамдармен тиімді байланыс орнатуына ықпал етті.
1996-2004 жылдары Сарысай негізгі мектебінде ағылшын тілі пәнінен сабақ беріп, мектептің қоғамдық өміріне де белсене араласты. Кәсіподақ ұйымының жұмысын ұйымдастыруға атсалысып, 1997-1998 жылдары мектеп директорының міндетін атқарды. Осы кезеңде ұстаздың ұйымдастырушылық қабілеті мен басқару тәжірибесі қалыптасты.
2004 жылдан бері Ләззат Жиенбаева Шалқар қаласындағы №4 жалпы орта білім беретін мектепте еңбек етіп келеді. Бір мектепте жиырма жылдан астам уақыт тұрақты қызмет атқаруының өзі оның мамандығына деген адалдығын аңғартады. Ол сабақ берумен ғана шектелмей, мектептің қоғамдық және кәсіподақ жұмыстарына да белсенді қатысып келеді.
Ұстаздың кәсіби ізденісі халықаралық тәжірибемен сабақтасып жатыр. 2012-2013 жылдары British Council халықаралық ұйымының «Ода» жобасының координаторы ретінде өңір педагогтарының кәсіби қоғамдастығын дамытуға атсалысты. Ал, 2025 жылдан бастап «EduStream» халықаралық білім беру орталығы арқылы «Express Publishing» баспасының Ақтөбе облысы бойынша амбассадоры ретінде халықаралық білім беру тәжірибесін өңір педагогтарына таныстырып, оның оқу үдерісінде қолданылуына ықпал етіп келеді.
Ләззат Жиенбаеваның еңбегі кәсіби ортада да жоғары бағаланып келеді. Ол облыстық «Үздік кәсіби қоғамдастық», «Педагогикалық идеялар фестивалі» байқауларында және пәндік олимпиадаларда жүлделі нәтижелерге қол жеткізді. 2024 жылы «Ақтөбе облысының үздік педагогы» атанса, 2025 жылы облыстық олимпиадада бас жүлдеге ие болды. Сондай-ақ «Қазақстан мұғалімі-2020» ұлттық сыйлығының үздік 50 мұғалімі қатарынан көрінді.
Көп жылғы еңбегі Білім және ғылым министрлігінің және облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен бағаланды. 2025 жылы ұстаздың кәсіби жетістіктері «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен атап өтілді.
Ләззат Жиенбаеваның еңбек жолына көз жүгірткенде, оның басты ерекшелігі — өзгерісті күтпей, білім беру ісіне жаңалық енгізуге ұмтылуы. Ол үшін ұстаздық белгілі бір пәнді оқытумен ғана шектелетін қызмет емес, кәсіби ізденісті, жауапкершілікті және үнемі дамуды талап ететін мамандық. Осы ұстанымы оның бүгінгі педагогикалық тәжірибесінің өзегіне айналып отыр.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-