ЖЕТІСУДА КӘСІПОДАҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жетісу облыстық кәсіподақ ұйымында Атқару комитетінің жиыны өтіп, кәсіподақ филиалдарының қаржылық қызметі, бухгалтерлік есепті жүргізу, мүшелер мен олардың балаларының жазғы демалысын ұйымдастыру және алдағы жұмыс жоспарлары кеңінен талқылады.
Жиынды Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағының төрағасы Мэлс Төлепбергенов жүргізді. Отырысқа аппарат қызметкерлері мен филиал басшылары қатысып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасты.
Жиынның алғашқы мәселесі Алакөл, Қаратал аудандық және Текелі қалалық кәсіподақ филиалдарындағы қаржылық қызметті ұйымдастыру және бухгалтерлік есепті жүргізу мәселесіне арналды. Бұл бағыт бойынша К.Алпысбаев, Б.Абақов және А. Тұрсынғалиев баяндама жасап, филиалдардың қаржылық жұмысының ұйымдастырылуы, есеп жүргізу тәртібі, қаражатты тиімді пайдалану және құжаттамаларды талапқа сай рәсімдеу жөнінде ақпарат берді.
Талқылау барысында кәсіподақ қаражатын мақсатты әрі тиімді пайдалану, қаржылық тәртіпті сақтау, бухгалтерлік есепті жүйелі жүргізу және есептілік құжаттарының сапасына баса назар аудару қажеттігі айтылды. Сонымен қатар филиалдардың қаржылық қызметін одан әрі жетілдіруге қатысты ұсыныстар ортаға салынды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе — кәсіподақ мүшелері мен олардың балаларының жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша мүшелік филиалдардың 2026 жылғы жұмысының қорытындысы болды. Бұл бағыт бойынша баяндама жасаған М.Жұмабек атқарылған жұмыстарға тоқталып, кәсіподақ мүшелері мен олардың балалары үшін демалыс пен сауықтыруды ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті. Жазғы демалыс кезеңінде сауықтыру мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері назарда болды. Жиын барысында атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы кезеңде ескерілетін ұсыныстар айтылды.
Сондай-ақ отырыс барысында ұйымдастыру мәселелері қаралып, кәсіподақ филиалдарының алдағы жұмысына қатысты бірқатар міндеттер нақтыланды. Жиынды қорытындылаған Мэлс Төлепбергенов күн тәртібіндегі мәселелердің кәсіподақ ұйымының тұрақты әрі жүйелі жұмысын қамтамасыз етудегі маңыздылығына тоқталды.
Алқалы отырыс барысында көтерілген мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар беріліп, алдағы кезеңге арналған жұмыс бағыттары айқындалды. Жиын кәсіподақ ұйымының қызметін жетілдіру, филиалдар жұмысының тиімділігін арттыру және кәсіподақ мүшелеріне көрсетілетін қолдауды күшейту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.
Жетісу облыстық ұйымының баспасөз қызметі