БІЛІКТІ ҰСТАЗ
Мұхамбетова Ләззат Бақытжанқызы – білім саласында 32 жылдан астам уақыт абыройлы еңбек етіп келе жатқан білікті ұстаз. Ол 1973 жылы 19 қаңтарда Ақтөбе облысы Байғанин ауданында дүниеге келген. 1988 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесіне түсіп, 1992 жылы «Еңбек пәнінің оқытушысы» мамандығын тәмамдады. Еңбек жолын Байғанин ауданындағы №61 теміржол мектебінде бастады. 2001 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне түсіп, 2005 жылы «Еңбек технологиясы және кәсіпкерлік мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары білім алды.
Қазіргі таңда Ләззат Мұхамбетова №3 Қарауылкелді орта мектебінде еңбек етіп келеді. Ол – педагог-зерттеуші, әдістемелік бірлестік жетекшісі. Ұстаз сабақ барысында заманауи оқыту әдістері мен техникалық құралдарды тиімді пайдаланып, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға басымдық береді.
Ләззат Мұхамбетованың ұстаздық тәжірибесі аудандық және облыстық деңгейде жоғары бағаланып, әріптестері арасында насихатталып келеді. Ол көркем еңбек пәнін оқытудағы тиімді әдіс-тәсілдерімен бөлісіп, шеберлік сағаттарын тұрақты түрде өткізеді. Ұстаздың тәжірибесі негізінде «Көркем еңбек сабағында шығармашылық пен инновация: жаңа әдістемелер және технология» атты әдістемелік құрал жарық көрді.
Ұстаз еңбегінің нәтижесі оқушыларының жетістіктерінен де көрінеді. Шәкірттері аудандық, облыстық және республикалық байқаулар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Атап айтқанда, 2025 жылы Айару Кенжеғалиқызы «Дарынды жас ғылым – 2025» ғылыми жобалар байқауында ІІІ орын алды. Сол жылы «Мамандықтар әлемін ашамыз» байқауының облыстық кезеңінде Мерей Абыл І орын иеленді. Ал, 2026 жылы IQmix республикалық зияткерлік марафонында Айару Кенжеғалиқызы ІІ дәрежелі дипломға ие болды.
Ләззат Мұхамбетованың өзі де кәсіби байқауларда нәтижелі еңбек көрсетіп келеді. 2025 жылы «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауының облыстық кезеңіне қатысып, сертификат иеленді. 2025 және 2026 жылдары көркем еңбек пәні бойынша облыстық пәндік олимпиадада жүлделі ІІ орынға ие болды. Сонымен қатар оның оқушылары «Жас өнерпаз» халықаралық байқауында жоғары нәтиже көрсетіп, дипломдармен марапатталды.
Ләззат Мұхамбетова – кәсіби білімі мен тәжірибесін шәкірт тәрбиесіне бағыттап келе жатқан ұстаз.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-