ҰСТАЗДАР АРАСЫНДАҒЫ СПОРТТЫҚ ДОДА
Алматы қаласындағы педагогтар VI мұғалімдер республикалық спартакиадасының аудандық кезеңін өткізуде. Қалалық жарысқа қатысушы спортшыларды анықтау мақсатында өткізілетін осы турнир ескі қарсыластармен қайта кездесуімен қызықты. Бұл жолы да спорт алаңдарында қатты тартыс, қызбалық бәсекелестік, аянбай күш жұмсау орын алды.
Аудандық спорт әдіскері Өмірғали Рысқұловтың айтуынша, биылғы спартакиадаға Жетісу ауданы сақадай сай, ең мықты құрама командасымен қатысады. Аудандық додаға барлық 9 спорт түрінен қатысқан №108 мектеп ұжымы қорытынды жалпы есепте жеңімпаз болып танылды.
«Ұстаз» кәсіподағының Жетісу аудандық төрағасы Нағрипа Әлімбаева әрбір спорт түрі бойынша жүлдегер болған барлық қатысушыларға спорттық сыйлықтарын тапсыра отырып, бүгінгі күні салауатты өмір салтын ұстанған, денсаулығы үшін денесін шынықтырумен айналысатын әрбір мұғалім өзін жеңімпаз санауына болатынын атап өтті.
«Ұстаз» кәсіподағы барлық қатысушыларға олардың белсенділігі мен командалық рухы үшін алғыс білдіреді. Спартакиада корпоративтік мәдениетті, командалық жұмысты нығайтуға және білім беру мекемелерінің қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған тағы бір қадам болды.
Алматы қаласы «Ұстаз» кәсіподағы
-
Фото
-