ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІККЕ – ЕРЕКШЕ ЕКПІН!
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашеваның Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында білім беру саласының өзекті мәселелерін және әлеуметтік әріптестікті нығайтуды көздейтін екі маңызды кездесу өтті.
Іс-шараға Салалық кәсіподақтың Шығыс Қазақстан облыстық ұйымының төрағасы Назгүл Қасенова қатысты.
Айгүл Мұқашева С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Джарасовамен және бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Әнел Тарановамен кездесті.
Университет басшылығымен өткен ресми кездесуде жоғары білім мен ғылым саласы қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту, әлеуметтік құқықтарын қорғау және салалық кәсіподақ пен университет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері сөз болды.
Салалық кәсіподақ төрағасы «Айсана» жасанды интеллект кабинетінде болып, білім беру процесіне ЖИ технологияларын енгізудің заманауи тәжірибесімен және орталықтың цифрлық мүмкіндіктерімен танысты.
Айгүл Мақсатқызы «Кәсіподақ және жас маман: алғашқы қадамнан кәсіби дамуға дейін» тақырыбындағы подкастқа қатысты. Түсірілім барысында жас педагогтарды қолдау, оларды кәсіподақ қозғалысына тарту және кәсіби қалыптасу кезеңіндегі құқықтық қорғау тетіктері талқыланды.
Кәсіподақ белсенділерімен ашық диалог өтті. Кездесуде бастауыш кәсіподақ ұйымының ағымдағы жұмысы таныстырылып, еңбек қатынастарын реттеу және кәсіподақ жұмысын жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды.
Іс-шара соңында төраға түйіндеме сөз сөйлеп, білім ұйымдарындағы кәсіподақ жұмысының маңыздылығын атап өтті.
Кездесудің екінші бөлігінде Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы Қаут Оқасовпен және оның орынбасары Бұлбұл Қозыбаевамен кездесу өтті.
Кездесуде өңірдегі педагогтар мен білім саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету, өңірлік Келісімдер аясындағы әлеуметтік әріптестікті арттыру, білім беру мекемелеріндегі еңбек қауіпсіздігі мен қолайлы жұмыс жағдайларын жасау мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар білім беру саласын дамыту мен қызметкерлердің мүддесін қорғау бағытында тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.
Қорытындылай келе, мұндай кездесулер өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, олардың тиімді әрі жедел шешімдерін табуға мүмкіндік береді. Ашық диалог пен өзара пікір алысу әлеуметтік әріптестікті нығайтып, тараптар арасындағы сенімді арттырады және бірлескен жұмыстың нәтижелі болуына жол ашады.
Шығыс Қазақстан облысы
-
Фото
-