ЕҢБЕККЕ АДАЛДЫҚ – АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМ
Ұстаздық – білім берумен ғана шектелмейтін, үлкен жауапкершілікті, үздіксіз ізденісті және адамға деген құрметті талап ететін қасиетті мамандық. Педагогтың кәсіби шеберлігі оның білім алушылармен жұмысынан ғана емес, еңбек ұжымының қоғамдық өміріне араласуынан, әріптестерімен ынтымақтастығынан және өз ісіне деген адалдығынан да көрінеді. Осындай қасиеттерді бойына қалыптастырып келе жатқан жас педагогтардың бірі – Мұқашев Мерейхан Ерікұлы.
Педагогикалық еңбек жолын 2022–2023 оқу жылында Ғабит Мүсірепов ауданының Ефимовка негізгі мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметінен бастады. 2023 жылдан бастап Новоишим қазақ жалпы білім беретін мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. Еңбек жолының алғашқы жылдарынан бастап ол өз ісіне жауапкершілікпен қарап, кәсіби білімін жетілдіруге ұмтылатын, жаңашылдыққа бейім, ізденімпаз педагог ретінде қалыптасты.
Мерейхан Ерікұлының педагогикалық ізденісі түрлі деңгейдегі байқаулар мен кәсіби іс-шаралардағы нәтижелерімен айқындалады.
2022 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған аудандық пәндік олимпиадада II орын иеленіп, сол жылы облыстық «Дарын» әдістемелік орталығы ұйымдастырған халықаралық мұғалімдердің бейнебайқауында II орынға қол жеткізді. 2023 жылы облыстық Мағжан оқуларына қатысып, III дәрежелі дипломмен марапатталды. 2024 жыл педагог үшін кәсіби және қоғамдық белсенділік тұрғысынан нәтижелі болды. Республикалық «Үш Бәйтерек» байқауында Алғыс хатқа ие болса, «Тілге бойлау» республикалық онлайн олимпиадасында I дәрежелі диплом алды. 2025 жылы да жетістіктер жалғасын тауып, аудандық дебат ойындарында I орын және «Үздік спикер» номинациясы, облыстық «Даму арқылы жетілдіру» байқауында I дәрежелі диплом иеленді.
2026 жылы кәсіподақ ұйымы тарапынан облыстық «Еңбек жолы» байқауына ұсынылып, байқауға белсенді қатысқан Мерейхан Ерікұлы «Үздік жас өндіріс маманы» номинациясы бойынша III орын иеленді. Аталған жетістік жас маманның еңбекке деген жауапкершілігін, кәсіби белсенділігін және кәсіподақ ұйымының қоғамдық жұмысына белсене қатысатынын танытты.
Бұл жетістіктер – педагогтың өз кәсібіне жауапкершілікпен қарап, білімін үнемі жетілдіруге және жаңа мүмкіндіктерді игеруге ұмтылуының нәтижесі.
Мерейхан Ерікұлының қоғамдық қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – кәсіподақ ұйымының жұмысына белсенді қатысуы.
Ол кәсіподақ ұйымының мүшесі ретінде еңбек ұжымының қоғамдық өміріне белсене араласып, әріптестерімен бірлескен іс-шараларға жауапкершілікпен қатысады. Кәсіподақтың басты құндылықтарының бірі болып саналатын өзара қолдау, ынтымақтастық, әріптестік қарым-қатынас және ұжымдық бірлік қағидаларын құрметтейді. Жас педагог еңбек ұжымындағы әріптестерімен өзара сыйластық пен түсіністікке негізделген қарым-қатынас орната біледі. Кәсіподақ ұйымының жұмысына араласу арқылы еңбек ұжымының қоғамдық өміріне үлес қосып, ұжымдық іс-шаралардың ұйымдастырылуына атсалысуы оның азаматтық белсенділігін көрсетеді.
Еңбекқорлық, жауапкершілік, ізденімпаздық, қоғамдық белсенділік және әріптестеріне деген құрмет – Мерейхан Ерікұлының кәсіби болмысын айқындайтын негізгі қасиеттер. Жас маманның кәсіби тұрғыдан қалыптасуы мен қоғамдық ортада өзін таныта білуінің жарқын үлгісі. Ал оның кәсіподақ ұйымының жұмысына белсенді араласуы еңбек ұжымының бірлігі мен ынтымақтастығын нығайтуға қосқан үлесінің бір көрінісі.
Еңбекке адалдық, кәсіби ізденіс және ұжымға деген құрмет – Мерейхан Ерікұлының педагогикалық, қоғамдық жолының негізгі ұстанымдары.
Солтүстік Қазақстан облыстық ұйымы