КӘСІПОДАҚ КЕҢЕСІНДЕ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының Атқару комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова, атқару комитетінің мүшелері және кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары қатысты.
Кеңестің күн тәртібінде кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктердің сақталуын қамтамасыз ету, еңбек қауіпсіздігіне қоғамдық бақылау жүргізу және ұйымдардың ішкі шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету бағытындағы бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы Айжарық Серімбетов 2026 жылдың жазғы каникулында облыстық кәсіподақ мүшелерінің демалысын ұйымдастыру және өткізу жұмыстарының қорытындысы туралы баяндама жасады. Сонымен қатар Әйтеке би және Мұғалжар аудандық кәсіподақ ұйымдарында еңбек заңнамасының орындалуына қоғамдық бақылау жүргізу және құқықтық қорғау жұмыстарын ұйымдастыру мәселесі талқыланды. Аталған мәселе бойынша Әйтеке би аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Мейрамбек Ахметов пен Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Жұмагүл Жұмабаева баяндады.
Кеңес барысында Ойыл және Темір аудандық кәсіподақ ұйымдарында облыстық Атқару комитетінің қаулылары мен өз шешімдерінің орындалуын бақылау жұмыстарының жағдайы да қаралды. Бұл бағыт бойынша Ойыл аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлмира Избағамбетова және Темір аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Назгүл Сәбенова атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Өз кезегінде облыстық кәсіподақ ұйымының заңгерлері Александр Алимпиев пен Нұрлан Жетпісбай биылғы жылы қолданылу мерзімі аяқталатын ұжымдық шарттардың орнына жаңа ұжымдық шарттар әзірлеу мәселесін көтерді. Осыған байланысты жұмыс берушілермен келіссөздерді алдын ала, яғни қолданыстағы ұжымдық шарттың мерзімі аяқталғанға дейін кемінде екі ай бұрын бастап, жаңа ұжымдық шартты әзірлеу жұмыстарына кірісу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар білім беру ұйымдарындағы техникалық қызметкерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету, кәсіподақ мүшелеріне құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарды күшейту жөнінде ұсыныстар айтылды. Заңгерлер кәсіподақ ұйымдары тарапынан еңбек заңнамасы талаптарының сақталуына қоғамдық бақылауды жетілдіру, сондай-ақ кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы Сандуғаш Дүйсенбаева кәсіподақ ұйымдарының ақпараттық жұмысын жетілдіру және әлеуметтік желілердегі қызметін жандандыру мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар кәсіподақ мүшелерімен кері байланысты күшейту және әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.
Кеңесті қорытындылаған облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова жаңа оқу жылындағы басым бағыттарға тоқталып, кәсіподақ ұйымдарының құқықтық, әлеуметтік, еңбек қауіпсіздігі және ақпараттық бағыттардағы жұмыстарын одан әрі жандандыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар кәсіподақ ұйымдарына аталған бағыттар бойынша жұмысты жүйелі жүргізіп, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Жиын қорытындысында жаңа оқу жылына арналған негізгі міндеттер нақтыланып, қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-