КӘСІПОДАҚ ӨКІЛДЕРІ ҰСТАЗДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ
Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында жаңа әрі заманауи «Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясы» КММ қабырғасында айтулы оқиға орын алды. Білім ордасының төрінде сала қызметкерлерінің құқығын қорғауға бағытталған мазмұнды әрі маңызды кездесу өтті.
Шараға «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Айгүл Мақсатқызы Мұқашева, құқықтық жұмыс, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Райхан Мамашиқызы Қыдырбаева, ШҚО білім беру ұйымдарының кәсіподақ төрағасы Назгуль Базарбаевна Касенова арнайы қатысты. Сондай-ақ жиынға Риддер қаласы әкімінің орынбасары Қанат Оралбекұлы Оралбекұлы, ШҚО білім басқармасының Риддер қаласы бойынша білім бөлімінің басшысы Батырбек Алтынбаевич Абиев және Риддер қаласы білім беру ұйымдарының кәсіподақ төрағасы Татьяна Анатольевна Кострова қолдау білдере келіп, ұжымның қуанышына ортақтасты.
Мектеп әкімшілігі мен ұжымы оқу ордасының материалдық-техникалық базасымен, соңғы үлгідегі жабдықталған кабинеттермен және білім беру үдерісінің тыныс-тіршілігімен жан-жақты таныстырды.
Жиын барысында жаңа білім ордасының ашылуымен барша ұжымды шын жүректен құттықтап, ұстаздар қауымына қажырлы еңбектері үшін алғыс айтып, шығармашылық табыс тіледі. Кездесу аясында ұстаздардың әлеуметтік және кәсіби мәртебесін көтеру, еңбек жағдайларын жақсарту, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету және кәсіподақ ұйымының білім саласындағы атқарып жатқан ауқымды жұмыстары жан-жақты сөз болып, өзара пікір алмасу өтті.
Кездесудің ең әсерлі әрі қуанышты сәті – республикалық және облыстық кәсіподақ ұйымдары атынан жаңа мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға арналған бағалы сыйлықтардың салтанатты түрде табысталуы болды. Сонымен қатар, кәсіподақ жұмысына белсене қатысып жүрген бірқатар ұлағатты ұстаздар арнайы марапатқа ие болды. Көрсетілген осындай шынайы қамқорлық ұстаздар қауымына ерекше қанат бітіріп, үлкен жігер сыйлады.
Мектеп директоры Еркебұлан Жанатұлы Махтиев бастаған ұжым көрсетілген зор құрмет пен ізгі тілектер үшін барлық қонақтарға шынайы ризашылығын білдірді.
Бұл мазмұнды кездесу жаңа білім ордасының қуатты әлеуетін танытып қана қоймай, ұстаздар мен кәсіподақ ұйымдары арасындағы тығыз кәсіби ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді. Еңбек адамдарын қолдауға бағытталған мұндай игі бастамалар алдағы уақытта жаңа белестерді бағындыруға, шәкірт тәрбиелеудегі ізденістерді арттыруға өлшеусіз серпін беріп, ұжымның бірлігін бекемдей түсетіні анық!
Шығыс Қазақстан облысы