ЕҢБЕК ҰЖЫМЫМЕН АШЫҚ ДИАЛОГ
«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясындағы кезекті кездесу Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының Құмтиын ауылындағы №2 орта мектептің еңбек ұжымымен өтті. Басқосуға Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов және Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – білім беру саласындағы әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамыту, еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, педагогтер мен білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ кәсіподақ ұйымдарының қызметін жетілдіру.
Кездесу барысында Бағлан Қарашолақов кәсіподақ ұйымдарының қазіргі қызметі, әлеуметтік әріптестік, еңбек қатынастарын реттеу, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмыскерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Біздің басты мақсатымыз еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік және еңбек мәселелерін тікелей зерделеп, жұмыскерлердің ұсыныстары мен пікірлерін тыңдау. Көтерілген мәселелерді тиісті деңгейде қарастырып, оларды шешуге ықпал ету, – деді Бағлан Қарашолақов.
Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ұжымдық шарттың еңбек ұжымындағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызын атап өтіп, онда көзделген әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктердің қызметкерлерге толыққанды жеткізілуі және орындалуы кәсіподақ жұмысының маңызды бағыттарының бірі екенін айтты. Сондай-ақ кәсіподақ мүшелерінің ұсыныстары мен мәселелерін тыңдап, алдағы уақытта да әлеуметтік әріптестік қағидаттарын нығайту, еңбеккерлердің құқықтарын қорғау және оларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларын кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді.
Кездесу барысында №2 орта мектептің директоры Лаура Тастанова сөз алып, білім беру ұйымындағы еңбек ұжымының қазіргі ахуалы, ұжымдық қарым-қатынас және атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет беріп, еңбек ұжымы тарапынан бірқатар әлеуметтік мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, мектептің ыңғайластырылған ғимаратта орналасуына байланысты спорт залын салу мәселесі сөз болды. Сонымен қатар қызметкерлердің жазғы сауықтыруына қатысты ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, қызметкерлердің өздері сауықтыру орындарына бара алмаған жағдайда олардың ата-аналарын сауықтыруға жіберу мүмкіндігін қарастыру жөнінде ұсыныс білдірді. Бұдан бөлек, еңбек ұжымы тарапынан қайтыс болған жақын туыстарына материалдық көмек көрсету мәселесі де көтерілді. Қызметкерлер өз ұсыныстарын ортаға салып, әлеуметтік қолдау шараларын кеңейтуге байланысты мәселелерді шешуге ықпал етуді сұрады.
Көтерілген мәселелерді кәсіподақ өкілдері назарға алып, оларды зерделеу және қолданыстағы заңнама аясында шешу жолдарын қарастыру жөнінде тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты. Кездесу қорытындысында тараптар әлеуметтік әріптестік қағидаттарын сақтай отырып білім саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруға уағдаласты.
Жамбыл облыстық ұйымы.
-
Фото
-