ЕҢБЕК АДАМДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Еңбек – елдің тірегі, ырыстың бастауы. Адам еңбегімен абырой тауып, өз ісіне адалдық танытқан сайын қоғамның дамуына да өзіндік үлесін қосады. Осы орайда аудан көлемінде еңбегімен елге үлгі болып жүрген азаматтарды құрметтеу – игі дәстүрдің бірі.
«Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» ҚБ Сарқан аудандық филиалы мен әлеуметтік әріптесі Сарқан аудандық білім бөлімі бірлесіп, Еңбек күніне орай «Еңбегі еленген жанның мәртебесі әрқашан биік» атты мерекелік шара өтті.
Мерекелік жиынның басты мақсаты – білім беру саласында ұзақ жылдар бойы табанды еңбек етіп, жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына өз үлесін қосып жүрген қызметкерлердің еңбегін дәріптеу, олардың кәсіби қызметіне құрмет көрсету.
Шара барысында Сарқан аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнар Серікбаева өз сөзімен ашып, білім беру саласында үздіксіз жұмыс істеген қызметкерлерді насихаттап, аудан мектептерінде жылдар бойы адал қызмет атқарып, білім ошақтарының тазалығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оқу-тәрбие үдерісінің қалыпты өтуіне зор үлес қосып жүрген кіші қызметкерлерге ерекше құрмет көрсетті.
Сарқан аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Ермек Алиновта өзінің құттықтауын жеткізіп, еңбегі сырт көзге байқала бермейтін қызметкерлердің жұмысына алғыс білдірді. Мектептегі жайлы орта, тазалық пен тәртіп, балалардың қауіпсіздігі – олардың күнделікті маңдай терімен атқарған еңбегінің нәтижесі екенін нақты атап айтты.
Шараға қатысушыларға аудандық білім бөлімінің арнайы Алғыс хаттарымен марапатталса, кәсіподақ тарапынан бағалы сыйлықтар табысталды.
Салтанатты қабылдауға қатысушыларда сөз алып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мерекемен құттықтап, ризашылықтарын жеткізді.
Мерекелік шараның сәнін аудандық балалар шығармашылық үйі өнерпаздарының арнайы дайындаған концерттік бағдарламасы келтірді. Әсем ән мен күмбірлеген күй, көтеріңкі көңіл күй қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, мерекенің мазмұнын аша түсті.
Жетісу облыстық ұйымы