ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІ – ЕЛ МЕРЕЙІ
Адам өмірінің мәнін айқындайтын, тұлғаның қалыптасуына жол ашатын және қоғамның дамуына негіз болатын басты құндылықтардың бірі – Еңбек. Сондықтан еңбекті бағалау, еңбек адамының мәртебесін көтеру бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Осы орайда Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Гродеково орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі, жас маман Нұргүл Айдынқызы кәсіби ізденісі және кәсіподақтың жас мамандарға көрсетіп отырған қолдауы туралы өз ойымен бөлісті.
- Мен үшін еңбек адам өмірінің мәні, абырой мен жетістікке жетелейтін үлкен құндылық. Әрбір жетістіктің артында табандылық, жауапкершілік және үздіксіз ізденіс жатыр. Жас маман ретінде өз ісімді сүйіп, кәсіби шеберлігімді шыңдап, қоғамға пайдамды тигізуді басты мақсатым деп білемін, – дейді Нұргүл Айдынқызы.
Жас маманның айтуынша, кәсіподақ еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаумен қатар, оның әлеуметтік жағдайын қолдауға, кәсіби дамуына және қоғамдық белсенділігін арттыруға мүмкіндік беретін сенімді серіктес. «Еңбек жолында кездесетін әрбір мүмкіндік пен жаңа бастама бізге тәжірибе жинақтап, алға ұмтылуға жол ашады. Осы жолда әріптестердің қолдауы, тәжірибелі мамандардың ақыл-кеңесі мен кәсіподақтың қамқорлығының маңызы зор. Кәсіподақ ұйымдастыратын түрлі іс-шаралар мен бастамалар бізге өз қабілетімізді танытуға, тәжірибе алмасуға және жаңа жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді» дейді жас маман.
«Еңбекпен келген жетістік – ең қымбат жетістік» деген ұстаным жас маманның еңбек жолындағы басты қағидаларының бірі. Өз мамандығын мақтан тұтып, үнемі ізденуге және жаңа белестерді бағындыруға ұмтылған Нұргүл Айдынқызының бұл ойы еңбек жолын енді бастаған жастарға да үлгі болары сөзсіз.
Жергілікті кәсіподақтың Жамбыл аудандық комитеті
#ЕңбекАдамы #ЖасКәсібиМаман #КәсіподақЖанында #ЕңбекБолашағы