ӘЛЕУМЕТТІК ДИАЛОГ – ТҰРАҚТЫ ЕҢБЕК ОРТАСЫНЫҢ КЕПІЛІ
Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы білім беру ұйымдарында әлеуметтік әріптестікті нығайту, еңбек ұжымдарының құқықтық сауаттылығын арттыру және қызметкерлердің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің директоры Индира Джоланова мен Білім қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл аудандық комитеті филиалының төрағасы Ержан Шалимбетов мектепте кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар ең алдымен әлеуметтік әріптестікті қалыптастыру және дамыту, жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, алдағы кезеңге арналған ұжымдық шарттың маңызы мен негізгі бағыттары түсіндірілді. Ұжымдық шарттың еңбеккерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз етудегі рөліне ерекше назар аударылды.
Кездесуде қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсарту, әлеуметтік қолдау шаралары, демалыс және сауықтыру мүмкіндіктері, кәсіподақ мүшелеріне көрсетілетін құқықтық көмек, еңбек дауларының алдын алу және жұмыс беруші мен кәсіподақ арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру жөнінде пікір алмасты.
Ержан Шалимбетов кәсіподақтың басты міндеттерінің бірі кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, еңбек жағдайларын жақсартуға ықпал ету және әлеуметтік әріптестік қағидаттарын жүзеге асыру екенін атап өтті. Өз кезегінде мектеп директоры Индира Джоланова еңбек ұжымымен бірлесе жұмыс жүргізудің, ашық диалог орнатудың және ұжымдық мәселелерді өзара келісім арқылы шешудің маңыздылығына тоқталды.
Кездесу соңында тараптар білім беру ұйымындағы еңбек қатынастарын одан әрі жетілдіру, ұжымның әлеуметтік жағдайын жақсарту және кәсіподақпен бірлескен жұмысты жүйелі түрде жалғастыру жөнінде өзара пікір алмасты.
Жергілікті кәсіподақтың Жамбыл аудандық комитеті