ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ЕҢБЕК ДАУЛАРЫН ШЕШУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Салалық кәсіподақ төрайымы Айгүл Мақсатқызы Мұқашеваның Түркістан облысына жұмыс сапары Төлеби ауданында өз жалғасын тапты. Сапардың екінші жартысында еңбек қатынастарындағы өзекті мәселелерге назар аударылып, еңбек дауларының туындау себептері мен оларды заң шеңберінде шешу тәртібіне арналған ауқымды оқыту семинары өтті. Көксәйек ауылындағы №11 «Келешек» мектебінде ұйымдастырылған семинар «Еңбек даулары, олардың туындау себептері. Келісу комиссиясында еңбек дауларын шешу тәртібі» тақырыбына арналды. Маңызды басқосуға Төлеби ауданындағы 19 жалпы білім беру ұйымы мен 19 мектепке дейінгі білім беру ұйымынан 150 ден астам келісу комиссиясының мүшесі қатысты.
Семинар барысында еңбек дауларының туындау себептері, оларды қараудың тәртібі, келісу комиссияларының өкілеттілігі және еңбек қатынастары тараптарының құқықтары мен міндеттері жан-жақты түсіндірілді. Іс-шараға салалық кәсіподақ төрайымы Айгүл Мақсатқызы Мұқашева, салалық кәсіподақтың құқықтық бөлімінің басшысы Райхан Мамашиқызы Қыдырбаева, Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Жандос Шайдуллаұлы, төрағаның орынбасары Ержан Ибадуллаұлы Исатаев, облыстық кәсіподақтың заңгері Ермахан Тілепберген, Төлеби аудандық білім бөлімінің кадр меңгерушісі Бекбосынова Сания Турсынқызы, аудандық кәсіподақ ұйымының өкілі Майлыбаев Ерменбай Қасымұлы және заңгер Жакипов Бақытгали Тұрарұлы қатысты.
Семинар соңындағы сұрақ-жауап бөлімі мазмұнды пікір алмасуға ұласты. Қатысушылар еңбек қатынастарына қатысты өздерін толғандырған нақты мәселелерін ортаға салып, мамандардан жан-жақты жауап алды. Практикалық сұрақтар арқылы еңбек дауларын заң талаптарына сәйкес қарау және шешу тетіктері кеңінен талқыланды. Оқыту семинарының қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Бұл – еңбек заңнамасы бойынша білімді жетілдіруге және келісу комиссиялары жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Еңбек қатынастарындағы тұрақтылық – құқық пен жауапкершіліктің өзара сабақтастығынан қалыптасады. Осы ретте кәсіподақтың басты бағыттарының бірі – еңбек заңнамасын түсіндіру, құқықтық сауаттылықты арттыру және еңбек дауларын заң аясында шешудің тиімді тетіктерін қалыптастыру. Түркістан облыстық кәсіподағы – еңбек адамының құқығы мен заңды мүддесін қорғау жолындағы жүйелі жұмысты жалғастырады!
-
Фото
-