ШӘКІРТІН ШЫҢҒА ЖЕТЕЛЕГЕН ҰСТАЗ
Исақанов Айбек Байтайлақұлы 1985 жылы Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы педагогикалық институтты «Математика пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. Содан бері 41 жыл бойы мектепте математика пәнінен үзбей сабақ беріп келе жатқан, мол тәжірибелі ұстаз.
Өз ісінің майталманы шәкірт санасына ғылым патшасы — математиканы сіңіріп қана қоймай, олардың тәрбиесіне, жан-жақты дамуына баса көңіл бөлетін маман. Ол дәстүрлі оқыту тәсілдерімен шектелмей, озық педагогикалық технологияларды оқып-үйреніп, олардың ұтымды жақтарын өз тәжірибесінде тиімді қолдана біледі. Өз іс-тәжірибесін әріптестері арасында бірнеше рет аудандық және ауданаралық семинарларда бөлісіп, республикалық әдістемелік журналдарға мақалаларын жариялаған.
Сабақтарында оқушылардың сыни ойлау қабілетін, шығармашылық ізденісін және іргелі ғылыми көзқарастарын жүйелі түрде дамытуға көңіл бөледі. Сонымен қатар, оқушыларды шығармашылық ізденімпаздыққа баулу, қиялын ояту арқылы ой еңбегіне тәрбиелеу мақсатында жүйелі түрде «Жас шахматшы» үйірмесін жүргізеді.Үйірмеге қатысқан оқушылары аудандық сайыстарда үздік шығып, облыста бақ сынап, жақсы нәтижелерге жеткен. Шахмат ойнай білетін бала аз уақытта ойын шоғырландырып, туындаған жағдаятты сараптауға дұрыс шешім шығаруға үйреніп, алдына қойған мақсатына жетуге талпынады. Ол оқушылардың аз уақытта ойларын шоғырландыруына, жүйелеуге, туған жағдаятты сараптауға және шешім шығаруға үйретеді және алдына қойған мақсатына жетуге, төзімділікке тәрбиелейді. Адамның ойлау жүйесін дамыта түсуде математиканың маңызы зор. Ал шахмат ойыны математикамен тығыз байланысты. Міне осындай дағдыларды бала бойына дарыта білген ұстаз еңбегінің нәтижесін жылма-жыл мектепті «Алтын белгіге» бітіретін түлектердің математика пәнінен лайықты білім деңгейлерін көрсетіп, дәлелдеп жүргенінен көруге болады.
Айбек Байтайлақұлының шәкірттері түрлі зияткерлік сайыстарда елеулі табыстарға жеткен:
• 10–11-сынып оқушылары арасында өткен «Алтын түлек» олимпиадасының аудандық, облыстық кезеңдерінен сәтті өтіп, республикалық кезеңінде ІІІ орын иеленді;
• Шығыс Қазақстан «Дарын» ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңінде шәкірті ІІІ орынға ие болды;
• «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының облыстық кезеңінде де шәкірті ІІІ орынды қанжығасына байлады.
Бүгінде бұл оқушылар мектепті табысты аяқтап, жоғары оқу орындарында грант негізінде білім алуда. Жалпы, ұстаз оқытқан шәкірттердің барлығы дерлік жоғары білім алып, қоғамнан өз орнын тауып, елге қызмет етуде. Олардың арасында ұстазының жолын қуып, математика пәнінен дәріс беріп жүргендері де аз емес.
Айбек Байтайлақұлы мектептің қоғамдық өміріне де белсене араласатын, жауапкершілігі жоғары, бастаған әрбір ісін сапалы аяқтайтын білікті маман.
Білім беру қызметкерлері арасында жыл сайын өтетін аудандық спартакиадада шахмат пен тоғызқұмалақтан мектеп намысын қорғап, жүделі І және ІІ орындарды иеленіп жүр.
Педагогтың көпжылдық еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланған. Ол 2019 және 2025 жылдары «Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары әрі оның гүлденуіне қосқан зор үлесі үшін» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Катонқарағай ауылының С.Рыков атындағы орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып жемісті еңбек етіп келеді.
Өз ісінің шынайы шебері, жаңашыл әрі жауапты педагог Айбек Байтайлақұлы Исақанов — бүгінгі күнде де еліміздің білім беру саласын дамытуға және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге белсене үлес қосып келе жатқан дара тұлға.
Қатонқарағай аудандық кәсіподақ ұйымы
Шығыс Қазақстан облысы