КІТАПХАНА ШЫРАҚШЫСЫ
Адамның абыройын асқақтатып, ортасына сыйлы ететін – адал еңбек пен өз ісіне деген жауапкершілік. Саналы ғұмырын білім саласына арнап, жас ұрпақтың рухани дүниесін байыту жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан жандардың бірі – Алматы қаласындағы №194 негізгі орта мектебінің тәжірибелі кітапханашысы Зүбайра Байтілеуова. Зүбайра апайдың жалпы еңбек өтілі – 41 жыл. Соның 20 жылын №194 негізгі орта мектебінде табан аудармай еңбек етуге арнап келеді. Осы жылдар ішінде ол кітапхана жұмысын ұқыптылықпен атқарып қана қоймай, мектеп ұжымының сыйлы мүшесіне, әріптестерінің сенімді жанашырына айналды.
Кітапхана – білім мен руханияттың ордасы, ал кітапханашы – сол қазынаның шырақшысы. Зүбайра апай өз қызметінде осы жауапкершілікті терең сезініп, оқушыларды кітап оқуға, ізденуге, білімге құштар болуға баулып келеді. Кітапханаға келген әрбір оқушыға жылы қабақ танытып, қажетті кітабын тауып беріп, ақыл-кеңесін аямайтын оның еңбегін шәкірттер де, ұстаздар да жоғары бағалайды. Ұзақ жылғы адал еңбегі мен білім саласына қосқан үлесі елеусіз қалған жоқ. Зүбайра Байтілеуованың еңбегі Алматы қаласы Білім басқармасы мен «Ұстаз» кәсіподағының марапаттарымен бағаланды. Бұл – жылдар бойғы тынымсыз еңбектің, жауапкершілік пен мамандыққа деген адалдықтың жемісі.
Зүбайра апай тек өз ісінің білікті маманы ғана емес, қоғамдық өмірге де белсене араласатын жан. Ол кәсіподақтың белсенді мүшесі. Ұжымдық және қоғамдық жұмыстарға үнемі атсалысып, кәсіподақ ұйымдастыратын мәдени іс-шаралар мен демалыс бағдарламаларына белсенді қатысады. Әріптестерімен етене араласып, ұжымның бірлігі мен ынтымағына өз үлесін қосып келеді.
Қырық жылдан астам еңбек жолында жинаған тәжірибесі, қарапайымдылығы, мейірімділігі мен адамгершілігі Зүбайра апайды айналасына қадірлі етті. Осындай жандардың өнегелі еңбек жолы – кейінгі буынға үлгі, ал білім ордасы үшін үлкен мақтаныш.
Еңбекпен келген абырой – ең биік марапат. Саналы ғұмырын білім мен кітап әлеміне арнаған Зүбайра Байтілеуованың еңбегі әрдайым еленіп, мерейі үстем болсын! Ұжым ортасындағы абырой-беделі артып, деніне саулық, отбасына амандық, еңбегіне толағай табыс тілейміз. Кітапхана шырағын жағып, жас ұрпаққа рухани азық сыйлап жүрген Зүбайра апайдың өнегелі жолы әлі талай жанға үлгі болғай!
Алматы қалалық «Ұстаз» кәсіподағы