ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ – КӘСІПОДАҚТЫҢ БАСТЫ МИССИЯСЫ
7 қазан – Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) жариялаған Лайықты еңбек үшін бүкіләлемдік іс-қимыл күніне орай Ақтөбе облысы Байғанин ауданы №3 Қарауылкелді орта мектебінде «Жас қызметкерлер болашақ үшін кәсіподақтарға бірігеді» ұранымен «Болашаққа бастар жол – еңбек» атты танымдық Quiz ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас педагогтарға еңбек қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру, еңбек құқықтары мен міндеттері туралы білімдерін арттыру, сондай-ақ кәсіподақ ұйымдарының қызметі мен оның еңбек адамының құқықтарын қорғаудағы маңызын кеңінен насихаттау.
Танымдық сайысқа ауданның жас педагогтары мен кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысып, өзара білімдерін сынады. Қатысушылар еңбек заңнамасы, еңбек қауіпсіздігі, кәсіподақ қозғалысы, қызметкерлердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері тақырыптары бойынша түрлі сұрақтарға жауап беріп, белсенділік танытты.
Quiz барысында қатысушылар тек білімдерін көрсетіп қана қоймай, ұйымшылдық пен командалық жұмыстың маңызын да таныта білді. Іс-шара жастардың еңбекке деген жауапкершілігін арттырып, кәсіподақ ұйымдарының қоғамдағы және еңбек ұжымдарындағы рөлін түсінуге мүмкіндік берді.
Іс-шара соңында үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздар мен командаларға алғыс хаттар мен арнайы марапаттар табысталды.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы