ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ – КӘСІПОДАҚТЫҢ БАСТЫ МІНДЕТІ
Еңбек қатынастарында әрбір қызметкердің құқығы мен заңды мүддесінің қорғалуы – аса маңызды мәселе. Еңбек шартының талаптарын білу, оны тоқтатудың заңды негіздері мен тәртібін түсіну, еңбек даулары туындаған жағдайда құқықтық тұрғыдан дұрыс әрекет ету – әрбір еңбек адамы үшін маңызды. Ал осы бағытта келісу комиссияларының мүшелерінің құқықтық сауаттылығы мен біліктілігі айрықша рөл атқарады.
Кәсіподақтың негізгі міндеттерінің бірі де – еңбек адамына құқықтық қолдау көрсетіп, оның заңды мүддесін қорғауға ықпал ету. Осы орайда, 2026 жылғы 29 қыркүйекте Түркістан қаласындағы М.Жұмабаев атындағы №15 мектепте «Еңбек шарты. Еңбек шартын тоқтатудың негіздері мен тәртібі» тақырыбында келісу комиссиясы мүшелеріне арналған оқыту семинары өтті. Семинар барысында еңбек шартын жасасу, оның негізгі талаптары, тараптардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ еңбек шартын тоқтатудың заңнамада белгіленген негіздері мен тәртібі кеңінен түсіндірілді. Келісу комиссиясы мүшелерінің еңбек заңнамасын дұрыс түсініп, оны тәжірибеде тиімді қолдануының маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар еңбек қатынастары барысында туындайтын даулардың алдын алу, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы өзара түсіністікті қалыптастыру мәселелері талқыланды. Оқыту семинарына Түркістан облысындағы 31 бастауыш кәсіподақ ұйымынан 130 мүше қатысты. Бұл – еңбек заңнамасын жетік меңгеруге, құқықтық сауаттылықты арттыруға және кәсіподақ мүшелерінің мүддесін қорғау бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын көрсетеді. Семинар қатысушылары еңбек шартын тоқтатуға байланысты қандай жағдайларда заң талаптарының сақталуы қажеттігін, қызметкердің құқықтары қандай жағдайда қорғалатынын және келісу комиссиясының еңбек дауларын қараудағы рөлін талқылады. Тәжірибелік мысалдар негізінде қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.
Семинар жұмысына салалық кәсіподақтың төрайымы А.Мұқашева, салалық кәсіподақтың құқықтық бөлімінің басшысы Р.Қыдырбаева, Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Ж.Шайдуллаұлы, облыстық кәсіподақ маманы Б.Абдураимов және Түркістан қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы Д.Тұрманова қатысты. Кәсіподақ өкілдері еңбек заңнамасының өзекті мәселелеріне тоқталып, келісу комиссияларының жұмысын тиімді ұйымдастыру бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Әсіресе еңбек дауларын сотқа жеткізбей, заң талаптары мен тараптардың мүдделерін ескере отырып шешудің маңыздылығы атап өтілді.
Мұндай оқыту семинарлары келісу комиссиясы мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, еңбек ұжымдарында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға да ықпал етеді. Кәсіподақтың басты міндеттерінің бірі – еңбек адамының құқығы мен заңды мүддесін қорғау. Ал бұл міндетті сапалы жүзеге асыру үшін кәсіподақ мүшелері мен келісу комиссиясы мүшелерінің құқықтық сауаттылығы жоғары болуы қажет. Сондықтан осындай семинарлар арқылы еңбек заңнамасындағы талаптарды түсіндіру, тәжірибелік біліммен бөлісу және туындайтын еңбек дауларының алдын алу жұмыстары тұрақты түрде жалғаса береді.
-
Фото
-