ЖАС ҰСТАЗДЫҢ ЖАРҚЫН ЖОЛЫ
Шәкірттерінің пәнге қызығушылығын арттырып, шығармашылық ізденісіне бағыт беріп жүрген қобдалық жас ұстаздардың бірі — Айдана Хайратқызы. Қазіргі таңда Ақтөбе облысы Қобда қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.
Айдана Хайратқызы 2004 жылы 3 қазанда дүниеге келген. Жас маман еңбек жолын ұстаздық қызметпен байланыстырып, мектептегі оқу-тәрбие жұмысына белсенді араласып келеді. Педагогтың ізденісі түрлі байқауларда да көрініс тапты. Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығына арналған облыстық «Менің төрешілерім – уақыт пен халық» байқауында III орын, облыстық пәндік олимпиадада II орын иеленді. Оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдау мақсатында мектептегі «Жас журналист» үйірмесін жүргізеді.
Мектептің қоғамдық өміріне де белсенді араласып, жастар атынан «Жазғы Camp Fest» іс-шарасын ұйымдастыруға атсалысты. Сонымен қатар педагогтер арасында квест өткізіп, осы еңбегі үшін алғыс хатпен марапатталды. Кәсіподақ тақырыбында кітап әзірлеп, аудандық отырыста таныстырып, III орынға ие болды.
Сабақтан тыс уақытта волейболмен айналысып, спортқа да уақыт бөледі. Ұстаздық жолын енді бастаған Айдана үшін әрбір байқау мен бастама тәжірибе жинақтап, жаңа қырын танытудың мүмкіндігі. Білім мен шығармашылықты, қоғамдық белсенділікті қатар алып жүрген жас маманның алдағы уақытта да талай биікті бағындары анық…
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-