ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ!
Ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелейтін, білім мен тәрбиені ұштастырып, сан ұрпақтың жүрегіне із қалдыратын ардақты маман.
Осы орайда Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжінің ардагер-ұстазы, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері Клара Нұрмұхамбетованы ерекше құрметпен атап өтеміз.
Ол Батыс Қазақстан облысының тумасы 1978 жылы А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетін «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдап, ұстаздық еңбек жолын бастады. Ал 1994 жылдан бері Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжінде абыройлы қызмет атқарып келеді.
Директордың оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары ретінде кәсіптік практиканы жетілдіруге, дуальды оқыту жүйесін дамытуға, әлеуметтік серіктестік пен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосты.
Ұстаз терең білімімен, жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен және кәсіби шеберлігімен ерекшеленетін тәжірибелі педагог. Оның жетекшілігімен колледжде WorldSkills, BabySkills, BatysSkills, DalaSkills жобалары табысты жүзеге асып, білім алушылар облыстық және республикалық байқауларда биік нәтижелерге қол жеткізді.
Көпжылдық еңбегі жоғары бағаланып, «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерімен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен, Маңғыстау облысы әкімдігі мен білім басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталған.
Жарты ғасырға жуық саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Клара Хайрлиевна үшін ұстаздық – жай ғана мамандық емес, өмірлік миссия. Кәсібіне адалдығы, адамгершілігі, шәкірттері мен әріптестеріне деген жанашырлығы – кейінгі буынға өнеге.
Ұстаз еңбегі – ұрпақ жүрегінде мәңгі жасайды!
Маңғыстау облысы, Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы
Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжі