ҰСТАЗДЫҚТЫҢ ҰЛЫ ЖОЛЫНДА
Ұстаздықты жүрек қалауымен таңдап, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын білікті мамандардың бірі, математика пәнінің мұғалімі Нұрқалық Зәуреш Қанатқызы 1997 жылы 16 желтоқсанда Комсомол ауылында дүниеге келген. 2015–2019 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Математика» мамандығы бойынша білім алып, оқу орнын үздік дипломмен тәмамдаған. Еңбек жолын 2019 жылы Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы М.Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып бастаған.
Мұғалім кәсіби қызметінде бірқатар нәтижелерге қол жеткізген. Облыстық «Математикалық прогрессия» пәндік олимпиадасында III орын иеленіп, «Үздік жас маман – 2020» марапатына ие болды. «Жас Қанат» макрожобасына қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталып, республикалық «Шеберлік шыңы» шығармашылық тобының жұмысына қатысты. Сонымен қатар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің республикалық «Edu:AI педагогикалық хакатонында» кәсіби іс-тәжірибесімен бөлісіп, сертификат алған.
Ұстаздың оқушылары да түрлі білім сайыстарына қатысып, нәтижелер көрсетіп келеді. Атап айтқанда, республикалық «IQanat» слетіне қатысып, «Ауыл» олимпиадасының облыстық кезеңінде II және III дәрежелі дипломдарға ие болған. Оқушылары пәндік олимпиадаларға, ғылыми жобалар мен зияткерлік байқауларға да белсенді қатысады. Сонымен қатар Зәуреш Қанатқызы мектептегі «Зерде» оқушылардың ғылыми қоғамының жетекшісі ретінде оқушылардың зерттеу жұмыстарына бағыт-бағдар беріп келеді.
Қорытындылай келе, Зәуреш Нұрқалық өз ісіне адал, үнемі ізденіс үстінде жүретін, кәсіби білімі мен педагогикалық шеберлігін ұштастыра білетін ұстаз. Оның басты жетістігі шәкірттерінің білімге деген қызығушылығын арттырып, әр оқушының қабілетін ашуға бағытталған еңбегі. Білім сапасын арттыру мен жас ұрпақтың зерттеушілік қабілетін дамыту жолындағы ізденісі оны өз ісінің шебері, жаңашыл әрі талапшыл педагог ретінде танытады. Алдағы уақытта да білімі мен тәжірибесін ұштастыра отырып, талай шәкірттің биіктен көрінуіне үлес қоса беретіні сөзсіз…
Ақтөбе облыстық кәсіподағы