МЕРЕКЕЛІК ҚАБЫЛДАУ
Ұстаз – ұлттың болашағын қалыптастыратын, жас ұрпақтың бойына білім мен тәрбиені қатар сіңіретін ардақты мамандық иесі. Ұстаз еңбегін ұлықтау, олардың кәсіби жетістіктерін атап өту және қоғамдағы мәртебесін арттыру – қашанда маңызды міндет.
Осы мақсатта «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Панфилов аудандық филиалы «Ұстаз – білімнің шамшырағы» атты мерекелік қабылдау ұйымдастырылды.
Салтанатты шараны Панфилов аудандық филиалының төрағасы М.Тұрлыбеков ашып, ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өз сөзінде филиал төрағасы педагог еңбегінің ұрпақ тәрбиесіндегі ерекше маңызын атап өтіп, білім саласының дамуына үлес қосып жүрген ұстаздарға ризашылығын білдірді.
Мерекелік шараға Панфилов ауданының білім беру саласында үздік нәтижелер көрсетіп, кәсіби шеберлігімен танылған 31 педагог арнайы шақырылды. Салтанатты жиын барысында білім беру саласына қосқан елеулі үлесі, кәсіби біліктілігі, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі қажырлы еңбегі үшін ұстаздар бірқатар марапаттарға ие болды.
Атап айтқанда, педагогтарға Салалық кәсіподақтың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталары, сондай-ақ Панфилов аудандық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталары табысталды.
Шара барысында қатысушылар бір-біріне ізгі тілектерін білдіріп, ұстаздық жолдағы әріптестерінің жетістіктеріне қуаныштарын жеткізді. Ұстаздар қауымының еңбегін ұлықтаған бұл шара – педагог мәртебесіне деген жоғары құрметтің, олардың қоғам алдындағы жауапты қызметіне берілген бағаның жарқын көрінісі болды.
Жетісу облысы, Панфилов аудандық кәсіподақ филиалы
-
Фото
-