САЛТАНАТТЫ ШАРА ҰСТАЗДАР КҮНІНЕ АРНАЛДЫ
Түркістан төрінде Ұстаздар күніне орай білім саласының үздіктерін ұлықтаған «Ұстазға құрмет – ұрпаққа өнеге» атты салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынға Түркістан облысының әкімі Н.Көшеров, білім саласының ардагерлері мен педагогтер қауымы, сондай-ақ Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Ж.Шайдуллаұлы қатысты. Салтанатты басқосуда ұстаз еңбегінің қоғамдағы айрықша орны мен сапалы білім, саналы тәрбие қалыптастырудағы маңызды рөлі кеңінен атап өтілді.
Мерекелік шара барысында өңірдің білім саласындағы жетістіктері сараланып, республикалық және облыстық білім додаларында шәкірттерін жеңіске жетелеген үздік педагогтер марапатталды. Ұстаздарға мемлекеттік наградалар, төсбелгілер, алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталып, олардың кәсіби еңбегіне лайықты құрмет көрсетілді. Бұл марапаттар – педагогтың күнделікті тынымсыз еңбегіне берілген жоғары баға әрі жас ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымы да білім саласы қызметкерлерінің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғаумен қатар, ұстаз еңбегін дәріптеуді, олардың мәртебесін көтеруді басты бағыттарының бірі санайды. Ұстазға көрсетілген құрмет – оның еңбегіне ғана емес, елдің ертеңіне көрсетілген құрмет. Барша педагогтарға шығармашылық шабыт, кәсіби биіктер, шәкірттерінің толағай жетістіктерін және еңбектерінің әрдайым ел игілігіне айналуын тілейміз!
Түркістан облыстық ұйымы
-
Фото
-