АРДАГЕРЛЕРГЕ – АЛҒЫС
Халықаралық қарттар күніне орай Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімі және қалалық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор мерекелік іс-шара өткізілді.
Бұл күн – өмір жолы өнегеге, еңбегі ел игілігіне айналған аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, олардың қоғам дамуына қосқан елеулі үлесін айрықша атап өтетін айтулы мереке.
Іс-шара барысында білім саласының ардагерлері мен еңбек майталмандарына ерекше құрмет көрсетіліп, олардың саналы ғұмыры мен кейінгі ұрпаққа қалдырған мол мұрасы туралы жылы лебіздер айтылды. Ұлағатты ұстаздардың ұзақ жылғы еңбегі, ел болашағына сіңірген қажырлы қызметі – бүгінгі ұрпақ үшін қашанда үлгі-өнеге.
Мерекелік жиында білім бөлімінің басшысы Бердаулетов Бағдат Камбузович және қалалық кәсіподақ комитетінің төрағасы Абдазиева Гульзира Мажитовна ардагерлерге ізгі тілектерін арнап, сый-құрмет көрсетті. Сонымен қатар, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлаған мәдени-көпшілік бағдарлама ұсынылып, ән мен жырдан шашу шашылды.
Қарттарды ардақтау – халқымыздың ежелден қалыптасқан асыл дәстүрі. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – ұрпақ сабақтастығын нығайтып, қоғамдағы адамгершілік құндылықтарды дәріптейтін маңызды ұстаным.
Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагерлердің ақылы мен өмірлік тәжірибесі – кейінгі буын үшін баға жетпес қазына. Олардың өнегелі жолы мен ел игілігі жолындағы еселі еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Ардагерлерге көрсетілген құрмет – өткенге тағзым ғана емес, келешекке деген жауапкершіліктің көрінісі.
Қызылорда қалалық білім қызметкерлері кәсіподақ комитеті
-
Фото
-