ӨСКЕМЕНДЕ КӘСІПОДАҚТАР КҮНІ АТАП ӨТІЛДІ
10 қазан – Қазақстан Кәсіподақтары күніне орай Өскемен қаласында салтанатты мерекелік іс-шара өтті.
Әлеуметтік әріптестікті дамыту мен еңбек адамының құқығын қорғауды басты мақсат еткен алқалы жиынға кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, түрлі саланың еңбек ұжымдары мен сала ардагерлері қатысты.
Басқосуда жұмыскерлердің заңды мүдделерін қорғау, еңбек жағдайын жақсарту және еңбек ұжымдары арасындағы әлеуметтік әріптестікті нығайтудың маңыздылығы кеңінен сөз болды. Қатысушылар еңбек ұжымдарының бірлігі мен ауызбіршілігі ел дамуының басты кепілі екенін атап өтіп, сала өкілдеріне жүрекжарды ізгі тілектерін білдірді.
Кәсіподақ қозғалысын дамытуға және еңбек адамдарының мүддесін қорғауға елеулі үлес қосқан бірқатар белсенділер мен әлеуметтік әріптестерге ерекше құрмет көрсетілді.
«Шығыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар Орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Т.Қасымжанов Кәсіподақтар федерациясы атынан белсенділерге, соның ішінде білім саласының өкілдеріне марапаттар табыстады: Өскемен қаласы білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы А.Кузнецов Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ ардагері» медалімен марапатталды; «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ ШҚО бойынша филиалының директоры Г. Жұмановаға КФ-ның Алғыс хаты табысталды.
Шығыс Қазақстан облысы оқу-ағарту, жоғары білім, ғылым және басқа бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы төрағасы Н.Қасенова құттықтау сөз сөйлеп, биыл ШҚО білім кәсіподағы жаңадан тағайындаған «Құрметті ардагер» және «Үздік маман» төсбелгілерін осы салада үздік деп танылған азаматтарға табыс етті.
Салтанатты жиынның ресми бөлігі мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, барша қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Кәсіподақтар күніне арналған бұл іс-шара – жай ғана мерекелік басқосу емес, адал еңбекпен ел дамуына үлес қосып жүрген қарапайым еңбек адамдарына, белсенділерге және сала көшбасшыларына деген шынайы құрметтің көрінісі болды. Марапатталған әрбір азаматтың еңбегі – еліміздегі әлеуметтік әділеттілік пен еңбек құқықтарының берік сақталуына қосылған қомақты үлес.
Барша кәсіподақ көшбасшыларын, белсенділерін және мүшелерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз!
Шығыс Қазақстан облысы
-
Фото
-