ЛАЙЫҚТЫ ЕҢБЕК ҚАҒИДАТТАРЫН ІЛГЕРІЛЕТУ - МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ
7 қазан – Лайықты еңбек үшін бүкіләлемдік іс-қимыл күніне орай Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағының өкілдері Қ.Байсейітов атындағы Талдықорған саз колледжінің жас мамандарымен кездесті.
Кездесудің негізгі мақсаты – жас мамандарға кәсіподақ ұйымының қызметін таныстыру, еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерді түсіндіру және жастардың кәсіподақ қозғалысына белсенді қатысуының маңызын жеткізу.
Кездесу барысында облыстық ұйым төрағасы М.Төлепбергенов кәсіподақтың қызмет бағыттарына кеңінен тоқталып, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әлеуметтік-еңбек мәселелерін шешуге ықпал ету, еңбек жағдайларын жақсарту, әлеуметтік әріптестікті дамыту бағыттарындағы жұмыстар туралы айтып берді.
Әсіресе, еңбек жолын енді бастап келе жатқан жас мамандар үшін кәсіподақ ұйымының қолдауының маңызына назар аударылды. Жастардың өз құқықтары мен міндеттерін білуі, еңбек қатынастарында заң талаптарын түсінуі және туындаған мәселелер бойынша кәсіподаққа жүгіну мүмкіндігі түсіндірілді.
Кездесуде Қ.Байсейітов атындағы Талдықорған саз колледжі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қ.Кенжебаев та жас мамандарға өзінің ұстанымын, ұстаз ретінде қалыптасуларына көмек беретінін, жастардың кәсіподақ жұмысына белсенді араласуы ұйымның болашағын нығайтып қана қоймай, олардың кәсіби және әлеуметтік мүдделерін қорғауға мүмкіндік беретінін айтып өтті.
Маңызды жиында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы А.Нұрмұханбетов колледждің жас мамандары әр іске белсенді араласып, кәсіподақтың атқарып жатқан жұмыстарына қызығушылық танытып, өздерін толғандырған мәселелер бойынша пікір алмасып жүргеніне тоқталды.
Мұндай кездесулер – жас қызметкерлердің еңбек құқығын қорғау мәдениетін қалыптастырып, олардың кәсіподақ ұйымының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануына жол ашады. Облыстық ұйымның заңгер-кеңесшісі Ә.Қайырхан осы бастама негізінде қойылған сұрақтарға жауап берді. Лайықты еңбек қағидаттарын орнықтыру – тек бүгінгі күннің емес, жас мамандардың ертеңгі кәсіби болашағының да маңызды кепілі болатынына да сенім білдірді.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фото
-