АҚТӨБЕДЕ САЛА ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымы Ұстаздар күні және Қазақстан кәсіподақтары күніне орай «Кәсіподақ: тұрақты қолдау, тұрақты құрмет» атты дәстүрлі салтанатты шарасын өткізді.
Мерекелік жиынның басты мақсаты – білім саласында еселі еңбек етіп жүрген ұстаздарға, кәсіподақ қозғалысының белсенді өкілдеріне және әлеуметтік әріптестік аясында сала дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсету, еңбегін бағалау және марапаттау болды.
Салтанатты шарада ұйым төрағасы Р.Серікова кәсіподақтың еңбек адамының құқығы мен әлеуметтік мүддесін қорғаудағы рөліне, білім мен ғылым саласы қызметкерлерінің еңбегін бағалаудың маңызына тоқталды.
– «Кәсіподақ: тұрақты қолдау, тұрақты құрмет» – жай ғана әдемі ұран емес. Бұл – біздің күнделікті жұмысымыздың мәні мен бағыты. Ал, білім мен ғылым саласындағы еңбек – болашаққа салынған ең үлкен инвестиция. Ұстаздың әрбір сабағы, ғалымның әрбір ғылыми ізденісі, өндірістік оқыту шеберінің әрбір тәлімі, білім беру ұйымдарының әрбір қызметкерінің тынымсыз еңбегі – жас ұрпақтың қалыптасуына, қоғамның дамуына қосылған қомақты үлес деп ойлаймын, – деді Раушан Серікова.
Кәсіподақ көшбасшысы бүгінгі марапаттың бір сәттік құрмет емес, жылдар бойы атқарылған адал еңбектің, кәсіби ізденіс пен жауапкершіліктің бағасы екенін атап өтті.
– Бүгін осы жерде 100-ге жуық кәсіподақ мүшесі марапатталады. Олардың әрқайсысының жетістігі – жеке адамның ғана емес, тұтас еңбек ұжымының мерейі. «Тұрақты қолдау, тұрақты құрмет» деген ұғымдардың астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Қолдау бар жерде сенім бар. Құрмет бар жерде ынтымақ бар. Ал, ынтымақ бар жерде береке мен нәтиже бар, – деді ұйым төрағасы.
Салтанатты шарада Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева мен Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының директоры Дина Жаманбаева ұстаздар мен білім саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Шара барысында білім саласындағы әлеуметтік әріптестіктің маңызына да ерекше назар аударылды. Кәсіподақ ұйымдарының білім қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстары облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімдері және білім беру ұйымдарының басшылығымен бірлесе жүзеге асырылып келеді.
Жиында әлеуметтік әріптестер мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары марапат төрінен көрінді.
Салалық деңгейде оқу-ағарту қызметкерлері үшін еңбек жағдайларын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2024–2026 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімнің 11.8-тармағына сәйкес бірқатар үздіктерге «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін», «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» алтын белгісі және «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» күміс белгісі табысталды. Сонымен қатар облыстық кәсіподақ ұйымының Бурабай–Зеренді өңіріне тарихи-танымдық саяхатқа жолдамалары берілді.
Білім саласының дамуына елеулі үлес қосып, кәсіби білімі мен біліктілігін, еңбекқорлығы мен белсенділігін танытып жүрген үздіктер де назардан тыс қалмады. Үздіктерге облыстық кәсіподақ ұйымының сыйақы сертификаттары табысталды.
Ұстаз еңбегін қолдау – кәсіподақ ұйымының тұрақты бағыттарының бірі. Жыл сайын оқу жылының әр маусымындағы каникул кезеңдерінде сала үздіктерін марапаттап, еңбегімен ерекшеленген педагогтарға шипажайларға жолдама ұсыну игі дәстүрге айналған.
Биыл да бұл бастама жалғасын тауып, Ақтөбе облысының білім басқармасы мен облыстық кәсіподақ ұйымының бірлескен қолдауымен еңбегімен ерекшеленген ұстаздарға Алғыс хат пен Сарыағаш өңіріндегі шипажайға жолдама табысталды.
Жиында жоғары білім саласының өкілдеріне де ерекше құрмет көрсетілді. Өңірдің жетекші жоғары оқу орны – Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары мен профессорлық-педагогикалық құрамының еңбегі де аталды.
Білім мен ғылымның дамуына, білікті мамандар даярлауға және кәсіподақ қозғалысын нығайтуға үлес қосқан қызметкерлерге облыстық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасы мен Сарыағаш өңіріндегі шипажайға жолдама табысталды.
Марапаттау рәсімінде кәсіби жетістіктерімен дараланған білім саласының бірқатар қызметкерлеріне облыстық білім басқармасы мен кәсіподақтың бірлескен Алғыс хаты және Ташкент–Самарқанд қалаларына тарихи-танымдық саяхатқа жолдама берілді.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-